Еліміз егемендік алған жылы дүниеге келген нәрестелер бүгінде 30-ды еңсеріп, ой тоқтатып, алдына мақсат қоя білген азаматтар. Тәуелсіздік құрдастары түрлі салада еңбек етіп, мемлекеттің іргесін нығайтуға өз үлесін қосып жүр. Мұндай азаматтар Жетісу облысының азаматтық қорғаныс саласында да бар.
Саят Қойшыновтың төтенше жағдайлар саласында жүргеніне - 5 жыл. Басты міндеті құтқарушыларды діттеген жеріне уақытылы жеткізу. Тәуелсіздік құрдасы үшін ең маңыздысы – адамдардың амандығы және өрттің тез сөнуі. Қызмет бабымен түрлі жағдайға куә болған сержант әрбір оқиғаның сәтті аяқталғанына қуанады. Онда да қуанышын сыртқа көп шығара бермейді.
Саят Қойшынов, өрт сөндіру қызметінің аға жүргізушісі:
Үйреншікті жұмыс болғаннан кейін мен құтқардым, мен сөйттім деген ешкімде болмаған шығар. Олай айтпайды да ғой. Біздің міндет болғаннан кейін, біз жұмысқа кірдік, ант бердік қой оған.
Ал жұмылдыру қызметінің бас маманы Серікбол Елдосұлы құтқарушы болуды бала кезден армандапты. Себебі әкесі де осы салада еңбек етті. Қазақ үшін қастерлі жылы өмірге келу мен үшін үлкен бақыт, әрі жауапкершілік,- дейді ол.
Серікбол Елдосұлы, облыстық ТЖД мобилизация қызметінің бас маманы:
Төтенше жағдайларды болдырмау, көмектесу, құтқару біз үшін үлкен жауапкершілік деп түсінемін. Тәуелсіз мемлекетімізде төтенше жағдайлардың болмауы мемлекетіміздің одан ары қарай дамуына үлкен үлес қосады деп ойлаймын.
Әрбір қазақстандық үшін тәуелсіздік - қастерлі ұғым. Ел егемендігін алған тұста дүние есігін ашқан замандастар үшін бұл ұғымның өзіндік бір жауапты салмағы бар.
Қуаныш Қанатұлы