Қайрат Сатыбалды 6 жылға бас бостандығынан айырылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қайрат Сатыбалды 6 жылға бас бостандығынан айырылды

11.12.2022

Бұл жылдағы Қаңтар трагедиясы өмірімізді «дейін және кейін» деп екі кезеңге бөліп тастағандай. Қаңтар оқиғасынан кейін елде бірнеше бағытта өзгеріс басталды. Соның бірі бүгінгі тақырыпқа арқау болғалы отырған олигополиямен, жемқорлықпен күрес. Жыл басында Қазақстан Президенті елдегі бар байлықтың жартысы 162 адамның қолында деген еді. Олигополиямен күрес басталғалы сол тізімдегілердің кейбірі түрмеге де қамалды. Мүліктері тәркіленіп жатыр.

6 ай бұрын Экономикалық ресурстардың заңсыз шоғырлануына қарсы іс-қимыл жөніндегі ведомствоаралық комиссия да құрылды. Жарты жылда Қазақстанға 600 миллиард теңгеден астам қаржы қайтарылған екен. «Жемқорлардан тәркіленген қаражатқа мектеп салу керек» деген идея айтылып еді ғой. Астанада құрылысы әлі аяқталмаған ЛРТ жемқорлық символына айналса, ұрланған ақшаны қайтарып алып, білімге инвестиция ретінде салудың да бір мәні бар шығар!
Қалай дегенмен, халық бұл күрестің жалғасуын ғана емес, әділдіктің орнауын, әлеуметтік тепе-теңдікті тезірек сезінгісі келеді. Оңғар Алпысбайұлының материалы.

Жемқорлықпен күрес Қазақстан тәуелсіздік алғаннан бері күн тәртібінен түспейтін мәселе. Қалтасының қамын ғана ойлағандарды биліктен аластату үшін арнайы агенттік те құрылып, жұмыс істеп жатыр. Әсіресе бұл мәселеге соңғы 1 жылда ерекше екпін берілді. Президент олигополия және монополиямен күресті күшейтуді де тапсырды. Нәтиже де жоқ емес. Аса ірі көлемде ақша ұрлаған Қайрат Сатыбалдының кінәсі делелденіп, 6 жылға бас бостандығынан айырылды. Жемқорлыққа қарсы агенттік шулы іске қатысты жаңа мәліметтермен бөлісті.

Данияр Бегайдаров, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс қимыл агенттігінің тергеушісі:

Сатыбалдыға қатысты қылмыстық қудалау аяқталған жоқ. Өйткені ол салық төлеуден, кедендік төлемдерден жалтаруға және қылмыстық жолмен алынған кірістерді жылыстыруға байланысты тағы бір істің қатысушылығы болып жатыр.
Бұл 1 ғана мысал. Агенттіктің ақпараты бойынша тек 1 жылда ғана кінәсі делелденіп, қылмысы әшкереленгендердің саны бұрынғыға қарағанда еселеп артқан.

Данияр Бегайдаров, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс қимыл агенттігінің аса маңызды істер жөніндегі тергеушісі:
Жыл басынан Республика бойынша 697 лауазымды қызметкерлерге қатысты жемқорлық фактілері бойынша істер тіркелді. Осы жылдың өткен кезеңінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметпен мемлекетке 609 млрд теңгеден астам соммаға мүліктік активтер мен ақшалай қаражаттар қайтарылды.
Заңсыз жолмен ірі көлемде пайда тапқандардың көпшілігі белгілі бір салада өзіне монополиялық жағдай жасап, тарифті өз қалауынша көтерген. Мәселен 400 ден астам теміржол тұйығын меншіктеп алған Көлік сервис компаниясының жымысқы әрекеті әшкереленген соң, олардың көрсететін қызмет құны 93 пайызға арзандатылған. Мұндай деректер өзге салаларда да жетерлік.

Қуат Асамбеков, ҚР Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі департамент директорының орынбасары:

«Қазақ Ойл» Ақтебе ірі компаниясы айналысқан. Тергеу аяқталды. Айыппұлдың мөлшері шамамен 200 млн теңгеге жетті. Және Қызылордада орналасқан ірі сұйытылған ірі сұйытылған мұнай газ өңдейтін компания Қазгер Мұнай Ойлдың айыппұлы 1 млрд теңгеге дейін жетті. Одан басқа да компаниялар бар. Аяқталған тергеулердің бәрін қосқанда шамамен 5 млрд теңге экономикаға залал келтірілген. 
Қылмысты әшкерелеу бір бөлек, олардың жымқырған ақшасын қайтару одан да үлкен мәселе. Көбі көлденең келген қаржыны бірден шекара асырып жібереді. Экономист Сапарбай Жобаев талай жыл төлем балансын зерттеп келеді. Яғни, Қазақстан мен өзге елдердің арасындағы валюта айналымын есептейді. Айтуынша, ел ішінде кінәсі дәлелденгенмен өзге елден қаржыны қайтару қиынның қиыны.

Сапарбай Жобаев, экономист:

Бүгінгі күнге менің жарты есебім бойынша бар болғаны 700 млн доллар ғана қайтты. Яғни бұл шетке шығарылған ақшаның 0,5 пайызы ғана. Олар қазірше өз еркімен қайтарылып жатқандар. Олигархтарымыз өздерінің түсініп, арқасынан шырақ алып қуып жатқанымызды түсінді де бір 700 млнға міне мен қайтарып беремін деп қайтарып берді.
Осы мәселемен айналысу үшін активтерді қайтару жөнінде комиссия да құрылды. Дегенмен, экономист олардың жұмысының ашықтығын қамтамасыз ету үшін құрамына өзгеріс енгізу керек деп есептейді.

Сапарбай Жобаев, экономист:

Бұл комиссияға журналистерді, қоғам қайраткерлерін, өздерін оппазиционерміз дейтін адамдарды қосу керек. Сонда олар сәл әділетті түрде, олар да түсінеді не мәселе екенін. Екіншіден олар әділетті сот жүйесіне әсер ете алады.
Заңгер Жандос Тұяқов миллиардтаған қаржы жегендер ғана емес өз жағдайын жақсарту үшін ақша бергендер немесе сол ақшаны алғандар да жазаланып, жұртқа жария етілуі керек. Сонда халық арасында жемқорлықтың зардабы туралы түсінік қалыптасады, мінез пайда болады деп есептейді.

Жандос Тұяқов, заңгер:
Корупцияны жақтырмайтын, корупцияны даттап жүрген азаматтардың өзі пара беруге дайын болады. Ол қандай жағдайда? Егер де оның баласына қатысты, әйеліне қатысты немесе күйеуіне қатысты, туған туыстарына қатысты қандай да бір қылмыстық іс қозғалып, ауыр жазамен бас бостандығынан айырайын деп жатқан жағдайда ол әке ретінде ана ретінде ол баласын құтқарып алу үшін ол міндетті түрде пара беруге дайын болады.
Ал біздің заңда пара алған соң жазаны жеңілдете салу өте оңай дейді ол.

Жандос Тұяқов, заңгер:
Мысалға бір қылмыс үшін альтернитива дейміз ғой бостандыққа шығару мәселесі де қарастырылуы мүмкін. Немесе бас бостандығынан 5 жылға айыру мәселесі де қарастырылып тұр. Оны таңдайтын кім? Лауазымды тұлға. Сондықтан бұл лауазымды тұлғаларға корупцияға нақты жол ашып тұр деп санаймын.
Президент жуырда осы жемқорлардан қайтарылған қаржыға мектеп салуды тапсырды. Қазір заң жобасы Сенаттың қарауында. Дегенмен тапсырманы іске асыра бастаған өңірлер де бар. Мәселен Ақтөбе облысы Мұғалжар ауданындағы Құмжарған аулылында 2019 жылы жаңа білім ұясы пайдалануға берілуі керек еді. Бірақ шаруаны созбалаңға салған мердігер ақырында істі аяқсыз қалдырып кеткен. Енді жемқорлардан қайтарылған қаржыға құрылыс қайта жанданып отыр.

Дәурен Ерғарин, Ақтөбе облысы сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаментінің басшысы:

Сол мектепке 150 млн тг қылмыстық істен тәркіленген қаражат қазір бағытталды. Мердігер анықталып, әкімдікпен бірігіп, осы мердігермен құрылысты жылдың аяғына дейін аяқтауға атсалысып жатырмыз. Қаңтардан бастап біздің оқушыларымыз жаңа мектепке кіреді деп біз сеніп отырмыз.
Қазір елде 840 мыңнан астам оқушыға орын тапшы. Сондықтан ұл-қыздар үш ауысыммен оқиды, әрі бір сыныпта бала саны тым көп. Оқу ағарту министрінің айтуынша қазір соның ережелері әзірленіп жатыр. Келесі жылы кең көлемде басталатын шаруа, үш ауысым мәселесін шешіп қана қоймай, тек бір ауысыммен оқу тәжірибесіне жол ашады дейді.

Асхат Аймағамбетов, ҚР Оқу-ағарту министрі:

Сондықтан бізге тек үш ауысымдықты жою ғана емес, екі ауысымда ғана оқу емес, біз бірте-бірте бір ауысымдыққа өткеніміз де керемет болады. Өйткені білім сапасы бір ауысымда оқыса, онда бұл білім беру сапасына өте жақсы әсер ететіні сөзсіз.
Оның үстіне бұл бастама жемқорлыққа қарсы күрестің жүріп жатқанын қоғамға көрсетіп, ой салу үшін де қажет дейді агенттіктегілер. Сондықтан алдағы уақытта пара алып, бюджет қаржысын жымқырғандардың ақшасына тұрғызылатын мектептерге арнайы тақтайшалар ілінуі де мүмкін.

Оңғар Алпысбайұлы

Хабарламаларға жазылу