Иран президенті Эбрахим Раиси жастармен кездесуінде АҚШ-ты «Әлемнің ұлы диктаторы» деп атады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Иран президенті Эбрахим Раиси жастармен кездесуінде АҚШ-ты «Әлемнің ұлы диктаторы» деп атады

11.12.2022

Иранда да митингтер жалғасып жатыр. Осы аптада Иран президенті Эбрахим Раиси студенттер күніне орай Тегеран университетінде жастармен кездесіп, АҚШ-ты «Әлемнің ұлы диктаторы» деп атады. Бұған білім ордасының шәкірттері «Америка жойылсын!» деп жауап берген. Мемлекет басшысы Ислам Республикасының өзгелер тәрізді Вашингтонның айтағына көнбейтінін ескертіп, еліндегі жағдай үшін тағы да батысты айыптады. Раиси осы мәлімдемені жасап тұрғанда Иранның бірнеше университетінде үкіметке қарсы шерулер өтті. Бұған қоса, дүйсенбі күні елде үшкүндік ереуіл жарияланған. Иранда 22 жастағы Махса Әмини есімді азамат «орамалды дұрыс тақпады» деген себеппен ұсталып, қыркүйектің 16-да қайтыс болған еді. Содан кейін басталған демонстрациялар билікке қарсы акциялар мен қақтығыстарға ұласып, жүздеген адам мерт болды. Шерушілердің сөзінше, Әминиді тәртіп сақшылары соққыға жығып өлтірген. Алайда Иран үкіметі бұл мәліметті үнемі жоққа шығарып келеді.

Арыстан Рысбек

Хабарламаларға жазылу