ЕЭО-ның осал тұсы қандай? - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

ЕЭО-ның осал тұсы қандай?

11.12.2022

Қазақстан Еуразиялық одаққа кіргелі отандық кәсіпкерлерге түсетін салмақ көбейіп келеді. Бұрыннан бары: тауар-көлік жүкқұжаты, кедендік жүк декларациясы, келісімшарт, тауардың спецификациясы, екі түрлі шот фактура, Тауарларды әкелу және жанама салықтардың төленгені туралы өтініш, Кеден одағының шешімі. Оларға Тауарларға ілеспе жүкқұжат пен виртуалды қойма жүйелері де қосылған. Бұл екеуі өнімнің ел ішіндегі қозғалысын бақылау үшін жасалған.

Ал бизнес өкілдері оларға әу бастан қарсы болған. Себебі бұл құжаттарды қарапайым шаруа мен диқан өз бетінше толтыра алмайды екен. Ал өнімді қадағалауға мүмкіндік беретін басқа жүйелер бұрыннан бар дейді олар. Сондықтан бұл талапты мүлде алып тастауды сұрайды. Тақырыпты Серік Селеубайұлы зерттеп көрді.

Қазақстанда Тауарларға ілеспе жүкқұжаты енгізілгелі жеті жыл болды. Тауарларды бақылаудың ұлттық жүйесі шекарадан зат кіргізіп, шығару үшін қажет. Яғни, кәсіпкер өнімін өзі экспорттамаса да, келесі адам шетке сата алуы үшін үшін бұл құжатты толтыруға міндетті. Бір қызығы, жүкқұжат біздің елден басқа жерде талап етілмейді.

Файзирахман Миянов, «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы салық әдіснамасы жөніндегі кеңесінің мүшесі:

Еуразиялық экономикалық одақ елдерінің өзінде бұл жүйе жоқ. Сондықтан тауар әкелген кәсіпкер өзі ілеспе жүкқұжат толтырып, оны өзі қабылдап алады. Бұл затты ары қарай ел ішінде сату үшін керек. Осылайша тауардың жүріп өткен жолы бақыланады. Бізден басқа жерде қолданылмайтын бұл жүйе сонда не үшін керек?

Әу баста бұл пилоттық жоба Еуразиялық экономикалық одақ шарттарын орындау үшін енді. Құжат серіктес елдерден төмендетілген мөлшерлемемен келген тауарлардың қозғалысын бақылап, заңсыз тасымалды жоюы керек болған. Бірақ кейін Қазақстандағы барлық алыс-берісті қадағалайтын жүйеге айналып кетті. Салдарынан бизнес қауымдастықтың қосымша шығыны көбейген. Кәсіпкерлер былтыр бұл құжатты жүргізуге 241 миллион теңге жұмсаған.

Роман Кочеров, бухгалтерлік компания директоры:

Шағын кәсіпкерге бұл құжаттарды толтыру оңай емес. Өйткені бізде қойылатын талаптар өте көп. Сондықта олар бухгалтерлердің көмегіне жүгінуге мәжбүр. Ал есепшінің қызмет құны 50 мың теңгеден басталады. Толтыратын құжаттар саны көбейген сайын қымбаттай түседі.

Ал ірі кәсіпорындардағы бухгалтерлерге түсетін салмақ 50 пайызға көбейген. Сондықтан кәсіпкер қосымша штат ашып, жаңадан маман жалдайды. Ал бұл шығынын өнім бағасын көтеру арқылы жабатыны түсінікті. Осы талапқа түркі болған Одақтағы елдер тауарды бұрыннан бар жүйелерге бірнеше тармақ қосу арқылы бақылайды. Мәселен, Ресейде бұл міндетті Әмбебап төлем құжаты атқарады. Көптеген дамыған елде де барлығын бір құжат реттейді. Сондықтан кәсіпкерлер жеті жылдан бері СНТ аталып кеткен жүкқұжатын алып тастауды сұрап жүр.

Ержан Біржанов, ҚР Қаржы министрінің көмекшісі:

Қазір цифрлық технологиялар енгізіліп жатыр дедік қой. Соны ескере отыра бұл сұрақты түбегейлі түрде шешеміз деп ойлаймын. Қазіргі таңда бұны алып тастау керек, немесе қысқарту керек деген сөз тұрған жоқ. Бұның қандай шешімдері бар? Басқа құжат арқылы енгіземіз бе? Немесе басқа форматқа қосамыз ба? Сол туралы қазір талқылау жүріп жатыр.

Мамандар Қазақстанда да бұл міндетті атқара алатын құжат түрі бар екенін айтады. Ол кәсіпкерлер онсыз да толтырып жүрген электронды шот фактура. Бұл құжатқа бірнеше бағана енгізсе басқа жүйелердің қажеті болмай қалады. Кәсіпкерлер осылай жүктеме мен әкімшілік шығындарды азайта алмақ. Осылайша, тауардың өзіндік құны арзандап, импортпен бәсекеге түсуге мүмкіндік туады дейді олар.

Серік Селеубайұлы


Хабарламаларға жазылу