Биыл 14 желтоқсанда «Qazaqstan» ұлттық телеарнасының «Таңшолпан» таңғы ақпараттық-сазды бағдарламасының эфирге шыққанына – 30 жыл толады.
Бүгін Алматыда «Қазақстан» телерадиокорпорациясының Басқарма төрайымы Ләззат Танысбай әр жылдары бағдарламада тележүргізуші, редактор, режиссер, оператор, әкімші болып қызмет еткен мамандармен кездесті.
«Таңшолпан» бүгінде атауы Ұлттық арнамен қатар айтылатын нағыз халықтық бағдарламаға айналды деп сеніммен айта аламыз. Эфирден 30 жыл бойы үзбей берілуі жобаның бастауында мықты мамандардың болғанын, негізінің дұрыс қаланғанын, о бастан өзінің миссиясының анық қойылғандығын көрсетеді. «Таңшолпанның» тарихқа айналу жолында Шерхан Мұратаза бастаған телевизия қайраткерлерінің, біздің телевизиядағы ұстаздарымыздың еңбегі зор», - деді Басқарма төрайымы кездесуде.
Шараға «Таңшолпанның» алғашқы жетекшілерінің және жүргізушілерінің бірі Иманбай Жұбаев, Мұхтар Түменбай, бағдарлама алғаш ашылған 1992 жылы режиссер болып қызмет екен Асылжан Қаптағаева, редактор Ғалия Әженова, оператор Талғат Ерубаев және қазіргі күні еңбек етіп жүрген журналистер қатысты.
14 желтоқсан күні «Таңшолпан» жобасы отандық телевизия тарихындағы ең ұзақ жасап келе жатқан бағдарлама ретінде КИнЭС-тің рекордтар кітабына енбек. Осы күні таңғы 07:00-ден мерекелік эфир ұйымдастырылып, бағдарламаны жарыққа шығаруға атсалысқан аға буыннан бастап, «Таңшолпан» танытқан тұлғалар, өнерпаздар студияға қонаққа шақырылады.