Алматыда халықаралық анимациялық фильмдер фестивалі басталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматыда халықаралық анимациялық фильмдер фестивалі басталды

06.12.2022

Алматыда халықаралық анимациялық фильмдер фестивалі басталды. Төртінші рет ұйымдастырылған шара режиссер-аниматор Әмен Қайдаровтың есімімен аталады. Биылғы додада 15 елден ұсынылған қысқа метражды 50-ге тарта фильм бақ сынайды.  

IV «ÁMEN-2022» халықаралық анимациялық фильмдер фестивалінің ұйымдастырушылары биылғы дода жылдағыдан ерекше дейді. Шара аясында отандық және шетелдік аниматорлардың шеберлік сағаты мен тренингтері өтеді. Туындылар тоғыз номинация бойынша бақ сынайды.

Адай Әбілдинов, IV халықаралық «ÁMEN-2022» анимациялық фильмдер фестивалінің тең президенті:

Үздік сценарий, үздік көркемдік шешім, үздік фильм, үздік сериал, үздік студенттік жұмыс деген сияқты. Соның ішінде биыл біз екі жаңа сыйлықты тағайындадық. Әмен Қайдардың атындағы арнайы сыйлық және қауымдастықтың осы фестивальді ұйымдастырып жатқан қауымдастықтың арнайы сыйлығы.

Биылғы фестивальді режиссер Мейіржан Сандыбайдың «Шырақ» қысқаметражды анимациялық фильмі ашты. Конкурстық бағдарламаға Қазақстан, Ресей, Польша, Франция, Грузия, Испания, Қытай сынды түрлі елдің аниматорлары қатысып жатыр.

Оразалы Жәнібек, «Қазақ анимациясы» шығармашылық бірлестігінің жетекшісі:

Өнер саласында осы ÁMEN фестивалі нағыз таланттылардың, нағыз жүректен шыққан жұмыстардың жолын ашып, шабыт береді. Биыл мәдениет және спорт министрлігінің тікелей қолдауымен «Қазақ анимациясы» шығармашылық бірлестігі құрылды. Және 20 анимациялық жоба іске қосылды.

Қазақ анимациясын әлемдік деңгейге көтеру және кәсіби әлеуетін арттыру - біздің басты мақсатымыз дейді ұйымдастырушылар. Жеңімпазды «Үздік анимациялық қысқаметражды фильм» аталымы бойынша «Оскар» сыйлығының екі мәрте үміткері Константин Бронзит бастаған беделді қазылар алқасы анықтайды. Фестиваль 8 желтоқсанға дейін жалғасады.

Қуан Нұрақын

Хабарламаларға жазылу