Қытайдың бірнеше қаласында коронавирус кезіндегі локдаундарға қарсы шеру өтіп жатыр. Полиция бірнеше адамды ұстады. Наразы тұрғындар Бейжің, Шанхай, Нанкин, Чэнду тәрізді бірқатар қала көшелеріне шыққан. Демонстранттардың көбі қолына таза ақ парақ ұстап шықты. Сол себепті бұл акцияны «таза парақтар революциясы» деп жазып жатқандар бар. Шеруге шыққандар үш жылға созылған ковидтік шектеулерді алып тастауды талап еткен. Наразылық акциясының басталуына өткен аптада Үрімші қаласындағы көпқабатты үйдің өртенуі түрткі болды. Одан 10 адам қаза тапқан. Демонстраттардың мәлімдеуінше, марқұмдарды өрттен құтқаруға локдаун кедергі болған. Ал, соңғы деректерге сай, Қытайда инфекция жұқтырғандар саны көбейіп жатыр. Науқастардың саны 40 мыңнан асқан.
Арай Төлегенқызы