Елімізде жылыту орталықтарының 70 пайызы жекенің қолында - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елімізде жылыту орталықтарының 70 пайызы жекенің қолында

28.11.2022

Елімізде жылыту орталықтарының 70 пайызы жекенің қолында. Көпшілігінің пайдалануға берлігеніне 50 жылдан асқан. Монополист компаниялар шаш етектен пайда тауып отырса да кешенді жөндеу жұмыстары жүргізілмейді. Оған былтырдан бері бірнеше жылу орталығында болған апаттар дәлел. Халықты жылу, жарық, электрмен үздіксіз қамтамасыз етуі тиіс нысандардың жай-күйін тілшілеріміз зерттеуге тырысты.

Риддер халқы күзден бері жылуға жарымай отыр. Қазанның аяғында сапасыз мазуттың кесірінен бірнеше қазандық істен шыққан. Оны қалпына келтіріп, қысым енді көтерілгенде тағы апат болып, 55 мыңдай тұрғын жылусыз қалды. Істен шыққан қазандықтарды жөндеуге білікті энергетиктер жұмылдырылды.

Риддерде қарашаның бесінде жарияланған техногендік сипаттағы төтенше жағдай әлі алынған жоқ. Шаһар басшысының айтуынша бүгінге дейін 4 қазандық жөнделді.

Дмитрий Горковой, Риддер қаласының әкімі:
Қазір нөмірі бесінші қазандықты жөндеу жұмыстары күндіз-түні жүріп жатыр. Егер бәрі ойдағыдай болса желтоқсанның бесінде барлық қазандық іске қосылады.

Бұл жылу орталығы талай жыл бұрын жекенің иелігіне өткен. Бірақ монополист компания нысанға бірде-бір рет жөндеу жүргізбеген. Орталықта 75 маман жұмыс істеуі тиіс болса іс жүзінде 29 адам еңбек етеді. Апаттың себеп-салдарын құзырлы органдар тексеріп жатыр.

Арқалықтағы жылу орталығының техникалық жағдайы да мәз емес. Өткен аптада жылу қазандықтарының бірінің қаптамасы қираған. Екінші су жылытқыш пен үш бу қазандығы аман. Шахарда көмірмен жұмыс істейтін жаңа жылу орталығы былтыр пайдалануға берілген. Бұл- сұйық отынға кететін шығынды азайту үшін жүзеге асқан жоба. Ал апаттың неден болғаны әзірге белгісіз.

Әмірхан Асанов, Арқалық қаласының әкімі:
Мердігер осы қазандықты орнатқан, қазір соны жөндеп жатыр. Жөндеуге кететін қаржы шамамен 1 млн теңге. Оны да мердігер өз есебінен шығарады. Жөндеуге бюджеттен қаржы бөлінбейді.

Биыл Петропавл жылу-электр стансасында 3 алып мұржаның біреуі опырылып жұмысшы қаза тапты. Бұл орталық та талай жыл бұрын жекенің қолына өткен. Содан бері нысанның мүлде жөндеу көрмегені анықталды. Қазір орталықта 2 мұржа ғана жұмыс істеп тұр.

Олжас Керейхан, тілші:
Энергетик мамандардың айтуынша бүгінгідей сақылдаған сары аязда жылыту орталықтары қысымды ең жоғарғы деңгейге көтереді. Өйткені ыстық су мен жылу әрбір пәтерге қажетті температурада жетуі тиіс. Сондықтан елдегі ерекше маңызға ие стратегиялық нысандардың жыл он екі ай ақаусыз жұмыс істеуі ұлттық қауіпсіздікпен пара-пар саналады.

Жалпы аймақтарда 37 жылу орталығы бар. Оның 22-сі жекенің иелігінде. 10 орталық қана мемлекет қарамағында. 70 пайызының жұмыс істеп тұрғанына 50 жылдан асқан. Осы жылу электр орталықтары 6 517 мегават энергия өндіреді. Бұл елдегі жалпы қуат көзінің 38 пайызы. Биыл жылыту маусымы басталғалы елде ірілі-ұсақты 26 техногондік апат болған.

Әзімбек Пазылбекұлы, ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі комитет төрағасының орынбасары:
Жылу желілерін толық жаңғыртудан өткізетін болсақ, екі триллионнан астам қаражатты қажет етеді. Сондықтан бұл жұмыс бірден 5-10жыл ішінде шешілетін жұмыс емес. Бірақ дегенмен мемлекеттік бағдарламада көрстілген индикаторларға қол жеткізу мақсатында қазіргі таңда жұмыстар жүргізіліп жатыр.

Өңірлерде жылу жүйелерін жаңғыртуға әр түрлі бағдарлама бойынша 2015-жылдан бері бюджеттен 344 миллиард теңге бөлінген. Ал қазандықтарды жаңартып, жаңғыртуға нысан қожайындары жыл сайын қанша қаражат салатыны туралы ешбір ақпарат жоқ.

Олжас Керейхан


Хабарламаларға жазылу