Тоқаев Ереванда Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің саммитіне қатысты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Тоқаев Ереванда Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің саммитіне қатысты

23.11.2022

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ереванда Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің саммитіне қатысты. Бұл мемлекет басшысының сайлаудан кейінгі алғашқы жұмыс сапары. Сессияда әскери бірлестікті дамытуға қатысты тың ұсыныстар айтылып, Армения-Әзірбайжан арасындағы шиеленістен бастап, терроризмге қарсы күреске дейін талқыланды. Әрі ұйымның жаңа бас хатшысы тағайындалды. Бұл қызметті енді келер жылдан бастап Иманғали Тасмағанбетов атқармақ.

Досжан Маратұлы, тілші:
Биыл Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына Армения төраға. Саммиттің екі мың жылдық тарихы бар ел астанасы Ереван қаласында өтуі де содан. Алқалы жиынға бірлестікке мүше алты ел: Қазақстан, Қырғызстан, Ресей, Беларусь, Тәжікстан басшылары түгел жиналды.

Қол алысып, суретке түскен соң ел басшылары алдымен оңаша кеңесті. Бұл Қасым-Жомарт Тоқаевтың қайта сайланған президент ретіндегі алғашқы жұмыс сапары.

Никол Пашинян, Армения Республикасының Премьер-министрі:
Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы, сізді сайлаудағы жеңісіңізбен құттықтаймын! Ел басқару ісінде сізге тек сәттілік тілегім келеді.

Ал талқыға түскен мәселелердің ең негізгісі – Ұйым әскерін қандай жағдайда жұмылдыру керек? Соның нақты механизмдерін әзірлеп, алдағы уақытта солай әрекет ету. Өйткені қазір бұған қатысты түрлі түсінбеушіліктер көп дейді, сарапшылар. Айтуларынша қаралы қаңтарда Қазақстанға келген альянс әскері, жүзден астам адам қаза тапқан Қырғыз-Тәжік шекарадағы қақтығысқа араласқан жоқ. Армения-Әзірбайжан Таулы қарабақ үшін қантөгіскенде де Никол Пашинян ұйым көмектеспегені үшін ренішін білдіргені есте. Тіпті бірлестіктен шығу жайлы сөздер де айтылған еді.

Арам Сафарян, саясаттанушы:
Бұл саммит Ереванда өтпей қалуы да ықтимал еді. Өйткені сыртқы қауіпті еңсеріп, қорғанысты күшейту секілді елдерімізге ортақ міндет, бізді керісінше ыдыратып жіберуі де мүмкін болды. Бірақ саяси тұрғыда дұрыс шешім қабылданып, ұйым ішіндегі түйіткілдерді бірлесе шеше алатынымызға қуаныштымын.

Армения-Әзірбайжан арасындағы шиеленісті реттеу альянс үшін басым бағыттардың бірі ретінде белгіленді. Ұйымның бас хатшысы Станислав Засьтің айтуынша екі ел шекарасында әлі күнге дейін күнде оқ атылады. Қос тарап бір-бірін айыптайды. Мұның арты қайта соғысқа ұласуы мүмкін.

Станислав Зась, Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының бас хатшысы:
Сондықтан шекараны заңды түрде белгілеу, көлік жүйесін қалпына келтіру секілді жұмыстарды іске асыру керек. Екі ел арасындағы кикілжіңді басу үшін Ұжымдық қауіпсіздік кеңесі арнайы жоба әзірледі. Ол құжат ұйымның мониторингтің миссиясының ұсынысымен әзірленді.

Ал сарапшылар Таулы Қарабақ дауына нүкте қоюға Қазақстан көмектесе алады деген пікірде.

Арам Сафарян, саясаттанушы:
Меніңше оңтүстік кавказда диалог орнату ісінде Қазақстан маңызды рөл атқара алады. Ол үшін елдеріңіздің тиімді әдістері, беделі бар. Мәселен Армения Әзірбайжан арасында арағайындық танытуға мүмкіндігі бар. Өйткені екі ел де Қазақстанды қатты құрметтейді.

Ұйым қырғыз-тәжік арасындағы қақтығысты реттеуге де атсалыспақ. Қазір қос ел де бірлестік құрамында бола тұра қырғи қабақ. Бұдан бөлек, Ауғанстанмен шекараны күшейту, экстремизм, терроризм, кибершабуылға қарсы күрес, ушыққан геосаяси ахуал, көлік, сауда секілді өзекті мәселелер сөз болды. Сондай-ақ сессия аясында ұйымның бас хатшысын ауыстыру жайы талқыланды. Бірлестікке мүше елдер басшыларының шешімімен 2023 жылдан бастап бұл қызметті Станислав Засьтің орнына еліміздің Ресейдегі экс-елшісі Иманғали Тасмағанбетов атқармақ.

Досжан Маратұлы, тілші:
Саммит қорытындысы бойынша Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің декларациясы қабылданып, бірқатар құжат бекітілді. Олар ұйым бітімгерлерін заманауи қару-жарақпен қамтып, химиялық, биологиялық қорғанысты күшейтуге қатысты. Ал әскери бірлестікке төрағалық ету тізгіні енді Армениядан Белоруске өтеді.


Хабарламаларға жазылу