Халықаралық ұйым байқаушылары жұмысын қорытындылады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Халықаралық ұйым байқаушылары жұмысын қорытындылады

21.11.2022

Еліміздегі сайлау барысын 10 халықаралық ұйымнан келген төрт жүзге жуық байқаушы бақылады. Олар сайлау учаскелерін аралап, талаптардың сақталуы мен дауыс беру барысын бағалады. Бүгін Халықаралық байқаушыларға қолғабыс көрсету орталығында арнайы баспасөз отырыстары өтіп, олардың да жұмысы қорытындыланды. 

Қазақстандағы дауыс беру процесі әлемдік тәжірибеде бар талаптар мен нормаларға сәйкес ұйымдастырылған. Ал, сайлаушылардың белсенділігі олардың елде болып жатқан оқиғаларға бей-жай қарамайтындығын көрсетеді. Бұл елдегі саяси шараны бақылаған байқаушылардың пікірі.

Александр Антропов, халықаралық байқаушы:
Кезектен тыс сайлау елдің электоралды заңнамасына сәйкес өтті. Халықаралық байқаушылардың жұмыс істеуіне кедергі келтірілмей, барлық жағдай жасалды. Кеше жеті сайлау учаскесіне бардым. Сайлау комиссиясы мүшелері мен сайлаушылар арасындағы қарым-қатынастың жақсы екенін атап өткім келеді.

Ал, Шанхай ынтымақтастық ұйымының бас хатшысы Чжан Мин, дауыс беру кезінде ешқандай кедергі көрмегенін айтады. Саяси науқанда әсіресе жастардың белсенділігі бірден көзге түскен.

Дэниел Витт, халықаралық байқаушы:
Біз 50-ге жуық сайлау учаскесін араладық. Барлығында сайлау процесі еркін әрі әділ өтті. 2019 жылғы сайлауға қарағанда, биыл жастардың белсенділігі ерекше байқалды.
Чжан Мин, ШЫҰ бас хатшысы:
Сайлауға дайындық жақсы ұйымдастырылған. Егде жастағы азаматтар мен мүгедектерге жағдай жасалған. Оны біз бақылау барысында байқадық. Бәрі қалыпты жағдайда, тәртіпке сай өтті. Сондай-ақ бүкіл сайлаушылар үлкен белсенділік танытты.

Түркі мемлекеттерінің парламенттік ассамблеясының байқаушылар тобы да арнайы брифинг өткізді. Олар саяси науқан әділ әрі ашық өтіп жатқанына куә болған. Осы арқылы Қазақстанда жүзеге асып жатқан реформалардың нәтижелі боларын болжап отыр.

Вугар Искандаров, Түркі мемлекеттерінің парламенттік ассамблеясы байқаушылар тобының мүшесі:
Біз 10-нан аса сайлау учаскесінде болдық. Еш кемшіліктерді байқаған жоқпыз. Барлығы жоғары деңгейде өтті. Сайлаушалар тізімдерін құрудан бастап, дауыс санау процестеріне дейінгі шаралар еш кедергісіз, жүйелі түрде өтіп жатты.

Сарапшылардың басым бөлігі сайлаушылар алдын-ала ақпаратқа қаныққанын айтады. Электоралды үрдіске енгізілген технологиялық жаңашылдықтар мен сайлау комиссиясы мүшелерінің кәсібилігі де сайлаудың сәтті өтуіне сеп болды дейді.

Сәбит Әлдебай

Хабарламаларға жазылу