Қазақстандағы сайлау процесі ашық әрі әділ ұйымдастырылған - халықаралық байқаушылар - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстандағы сайлау процесі ашық әрі әділ ұйымдастырылған - халықаралық байқаушылар

20.11.2022

«Қазақстандағы сайлау процесі ашық әрі әділ ұйымдастырылған. Ол ұлттық заңнамаға және халықаралық талаптарға сай өтті. Азаматтардың дауыс беруіне барынша қолайлы жағдай жасалған». Бүгін сағат сайын өткен брифингте халықаралық байқаушылар осылай деп мәлімдеді. Дауыс берудің өтуін жүздеген шетелдік мейман бақылады. Олардың қорытынды есебі бүгін дайын болып, ертең мәлім етіледі.

Елімізде өткен сайлауды бақылауға 641 халықаралық байқаушы келді. Олардың 500-ден астамы халықаралық ұйымдардың өкілі болса, қалған 109-ы әлемнің 35 елінен келген. Шетелдік байқаушылардың сөзінше, сайлау талаптарға сай өтіп, ешқандай заңбұзушылық тіркелген жоқ.

Вагаршак Акобян, ҰҚШҰ ПА байқаушысы:
Байқаушыларымыз таңертеңнен бері учаскелерді аралады. Бәрі жақсы ұйымдастырылғаны көрініп тұр. Оның барысын жіті бақыладық. Бұл сәт қазақ халқы үшін маңызды. Бір атап өтетін жайт - Қазақстан әркез сайлауды жоғары деңгейде ұйымдастыруымен ерекешеленді.

Байқаушылардың пікірінше, сайлаушылардың дауыс беруіне барлық жағдай жасалған. Учаскелер өз уақытында ашылды. Спикерлер мүмкіндігі шектеулі жандар үшін арнайы компьютерлер, пандустардың болуына да ерекше тоқталды. Волонтерлердің болуы дауыс беру процесінің жеңіл өтуіне мүмкіндік берді.

Нұржан Шайлдабекова, Қырғызстаннан келген байқаушы:
«Дауыс беру күні өз тұрғылықты мекенінен басқа жерде жүргендер де сайлауға қатысты. Ол уақытша тіркеуге алу негізінде жүзеге асқан. Бұл барлығына тең мүмкіндік беру үшін өте маңызды ереже».

Шетелдік байқаушылар дауыс беруге жастар белсенді түрде қатысқанын атап өтті. Демек, жастар өзінің және Қазақстанның болашағы өз қолында екенін терең сезінеді деген пікір айтылды.

Казис Старкявичюсь, Литвадан келген байқаушы:
Алғаш рет дауыс беруге барған жастардың қуанышына куә болдық. Отбасы мүшелерімен бірге келіп, өз таңдауын жасап жатқандар да көп болды. Дауыс беруді бақылауға келгендер арасында өзге елдердің Орталық сайлау комиссиясының басшылары да бар. Олар дауыс беру процесі демократиялық сайлау өткізу талаптарына сай келеді деген пікірде. Орталық сайлау комиссиясының жұмысына да баға берілді.

Зайниддин Низамходжаев, Өзбекстан орталық сайлау комиссиясының төрағасы:
Қазақстанның орталық сайлау комиссия мүшелерінің жоғары біліктілігін атап өткім келеді. Барлық сұраққа жауап ала білдік. Кезектен тыс сайлауға небәрі 2 айдай уақытта аса жоғары деңгейде дайындалған.

Халықаралық байқаушылар еліміздегі сайлаудың өтуіне қатысты пікірін бүгін қорытындылайды. Бұл туралы жан-жақты мәлімет ертеңгі брифингте жария етіледі.  

Хабарламаларға жазылу