Президент өрт сөндіруші А.Забикулиннің отбасына көңіл айтты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Президент өрт сөндіруші А.Забикулиннің отбасына көңіл айтты

20.11.2022

Батыр Асқар Забикуллин көз жұмды. Денесінің 80%-ын күйік шалған өрт сөндіруші өкінішке қарай, бүгін қайтыс болды. Оның өмірін аман алып қалу үшін дәрігерлер бірнеше күн күрескен еді. Бірақ, араша түсе алмады. Президент өрт сөндіруші Асқар Забикулиннің отбасына көңіл айтып, жеделхат жолдады. Ол қызметтік борышын атқару кезінде ауыр жарақат алып, жансақтау бөліміне түскен еді. «Асқар Серікұлы Астанадағы көпқабатты үйде болған өрт кезінде оқиға орнына шұғыл жетіп, бірнеше адамның өмірін сақтап қалды. Осы әрекеті арқылы ол Отан алдындағы азаматтық антына берік екенін және жанқиярлық ерлігін көрсетті. Оның есімі мен жарқын бейнесі халқымыздың жүрегінде сақталады» делінген жеделхатта. Сондай-ақ Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Астана қаласындағы көшелердің біріне Асқар Забикулиннің есімі беріліп, бюсті орнатылады. Ал төтенше жағдайлар министрлігі оның отбасына жан-жақты көмек көрсетілетінін жеткізді. Осыған дейін Асқардың отбасына пәтер берілген болатын. Президент жарлығымен 1-дәрежелі «Айбын»  орденімен марапатталды. Асқардың артында жұбайы және екі баласы қалды. 

Асима Нұрбайқызы

Хабарламаларға жазылу