Президент сапары: Тоқаев Алматы жұртшылығымен кездесті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Президент сапары: Тоқаев Алматы жұртшылығымен кездесті

16.11.2022

Жолдағы кептеліс, қара түтін, тозған коммуналдық жүйе. Бүгін Алматы жұртшылығымен кездескен Президент Қасым-Жомарт Тоқаев шаһардың негізі проблемаларын атап, оның шешу жолдарын айтты. Оңтүстік астананың қаңтар қасіретінен кейін толық қалпына келтірілгенін және оны одан әрі дамыту үшін негізгі бағыттарды айқындап берді.

Алматы жастардың қаласы. Арман қуып келген қыз-жігіттер көп. Бірақ баспана бәрінің бас ауры. Бағасы қымбат, жалдау ақысы тым жоғары деді Президент. Сол үшін ең алдымен ел болашағы жастарға жағдай жасалу керек.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Әкімдік жалға берілетін тұрғын-үй салу үшін инвесторларға тартымды болатын тиімді тәсілдер ойластыруға тиіс. Бірақ жалдамалы үйлер тым қымбатқа түспеуі керек. Ондай пәтерлер ең алдымен, қолжетімді болуға тиіс. Жалпы, Алматы жастары үшін баспаналы болу қол жетпес арман болмауы керек. Басында баспанасы бар жастардың ертеңгі күнге деген сенімі артады.

Тағы бір түйткіл – тұрғын үй тапшылығы. Сол үшін әкімдік баспана құрылысын жылда 10 пайызға ұлғайтуы керек. Бірақ үйлер көрінген жерге салынбауы тиіс. Өйткені жер тапшы. Ғимараттар бір-біріне жақын. Қаланың тынысын тарылтып тұр. Сондықтан Алматы заманауи урбанистика талаптарына сай болуы керек деді Тоқаев.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Қаламыз бетоннан салынған орманға айналмауға тиіс. Сондай-ақ, Алатаудың самалы қалада еркін есуі қажет. Бұл қаланың экологиясы үшін өте маңызды. Қала салу кезінде құрылыс компанияларының емес, ең алдымен, тұрғындардың мүддесі ескерілуі керек. Заңдарымызда бұл жағдай нақты реттелмеген. Үкіметке әкімдікпен бірлесіп, осы мәселені пысықтап, заңға тиісті түзетулер әзірлеуді тапсырамын.

Алматының орталығы өмір сүруге қолайлы. Қажеттінің бәрі бар. Ал шет аудандардың дамуы кенже қалып отыр. Әлеуметтік нысандар жетіспейді. Жұрт серуенге баратын саябақтар тапшы. Жер үйлер көп салынған. Тіпті, қыс айларында қара түтін қаптайды деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Әкімдіктің басты міндетінің бірі – орталық пен шеттегі аудандардың арасында пайда болған осы теңсіздікті жою. Қала – бәріне ортақ. Сондықтан, қаланың игіліктері де барлық тұрғындарға бірдей қолжетімді болуға тиіс.

Мәселен қазір бірнеше аудан тұрғындары ауыз суға жарымай отыр. 30 мыңға жуық тұрғын тіршілік нәрін тасып ішеді. Сол үшін әкімдікке 3 жылда алматылықтарды 100 пайыз сумен қамту тапсырылды. Көлік кептелісі де көпті мезі еткен мәселе. Мәліметке сай күніне 700 мың машина қалаға кіріп шығады. Сөйтіп алматылықтардың уақыты жолда өтеді. Сондықтан Тоқаев жол-көлік жүйесін жаңғыртып, метро желісін ұзартуды тапсырды. Өйткені қаптаған көлік экологияға да кері әсер етіп жатыр.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Қалада күн сайын атмосфераға тарайтын қалдық 125 мың тонна. Оның 55 пайызын көліктер, 35 пайызын кәсіпорындар мен жылу электр орталықтары таратады. Жер үйлердің мұржасынан да зиянды қалдықтар шығып жатыр. Сондай-ақ 2025 жылға дейін қоғамдық көліктер де көгілдір отын мен тоққа толықтай көшеді. Стансалары мен жеке секторды газға көшіру ісін шапшаңдату қажет.

Экологиясына ғана емес экономикасына да жіту мән беру керек. Қазір Алматы ел дамуының қозғаушы күші. Жалпы ішкі өнімнің бестен бірін, бюджеттің төрттен бірін қамтып отыр. Бірақ негізгі кіріс көлік, тұрғын үй және сауда салаларына ғана тиесілі. Бұл дұрыс емес. Экономиканы шұғыл түрде әртараптандыру қажет.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Экономиканың әртараптандырылу деңгейінің төмен болуы қала тұрғындары табысының өсімін баяулатады. Қала «орташа табыс тұзағына» түсті, одан шығу үшін қала экономикасын түбегейлі әртараптандыру қажет. Өңдеу өнеркәсібін, туризмді, IT секторын және креативті индустрияны дамытуға баса назар аудару керек.

Президент айтқан салаларды жетілдіру үшін қалада венчурлық қор құрылатын болды. Ондағы 10 миллиард теңге түрлі айти жобаларды іске асыру үшін жұмсалмақ. Әрі мемлекет басшысы қаладағы қауіпсіздікке де ерекше мән беру керек деді. Елдегі қылмыстардың басым бөлігі осында жасалады.

Досжан Маратұлы, тілші:
Қазір мұнда 128 мың бейнебақылау камерасы болса, соның төрттен бірі ғана полицияның жүйесімен интеграцияланған. Сондықтан оларды іске қосып, бақылауды күшейту тапсырылды. Қысқасы алып шаһарды қауіпсіз, өмір сүруге қолайлы қалаға айналдыру міндеті тұр. Ол үшін Президент 6 бағытты айқындап берді. Бұл қала дамуын ілгерілетуге сеп болады дейді сарапшылар.

Досжан Маратұлы

Хабарламаларға жазылу