Кезектен тыс президент сайлауына бір апта қалды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Кезектен тыс президент сайлауына бір апта қалды

13.11.2022

Кезектен тыс президент сайлауына бір апта қалды. Қазір кандидаттар өңірлерде бағдарламаларын таныстырып жүр. Үміткерлердің үгіт-насихаты қалай жүріп жатқанын келесі сюжеттен көрейік.

Сайлау күні дауыс беру процесінің адал әрі ашық өтуін Халықтық коалицияның 20 мың байқаушысы қадағалайды. Олар барлық сайлау учаскесінде жұмыс істейді. Байқаушылар қазір саяси менеджмент академиясы әзірлеген арнайы курстан өтіп жатыр. Мамандар 3 қарашадан бастап барлық облыс пен аудандарды аралап, байқаушыларға құқықтары мен міндеттерін түсіндіріп жүр. 18 қарашаға дейін 20 мың байқаушыны оқыту жоспарланып отыр.

Президенттікке кандидат Мейрам Қажыкен Қарағанды облысындағы кеншілермен кездесті. Сондай-ақ, салалық кәсіподақ өкілдері, коммуналдық және күзет компанияларының қызметкерлерімен жүздесті. Жиында жалақы, экология мәселелері және жұмысшылардың құқықтарын қорғау тақырыптарды көтерілді. Мейрам Қажыкен ел экономикасын реформалау жөніндегі идеяларын айтты.

Мейрам Қажыкен, ҚР Президенттігіне кандидат:

Қазақстанда еңбекақы төлеу жүйесі, ең төменгі еңбекақыны есептеу жүйесі жоқ. Кәсіподақтар есептеуді біледі. Үкімет артық шығын жұмсамауы үшін әдістерімен бөлісуге дайын.

Ұлт тәрбиесінің өзегі – ұлттық тағам. Қарақат Әбден Түркістан облысы кәсіпкерлерімен кездесуде осылай деді. «Біз қымыз арқылы қазақтың көне кейпін, бекзада болмысын көрсетеміз. «Ұлттық тағам қолына қыран қондырып, тұлпар мінген бөрікті жұрттың айнасы», - деді кандидат.

Қарақат Әбден, ҚР Президенттігіне кандидат:

Экономика дегеніміз тек қана мұнай мен газ емес. Біз шағын және орта бизнесті қолдауымыз керек. Ұлттық тағамдарды брендке шығаратын кәсіпкерлерді қолдасақ, туризм саласы да дамып, үлкен деңгейге жететін еді.

Кандидат спортшылармен де кездесті. Аймақтағы дүбірлі доданың ашылуына қатысып, салауатты өмір салтын ұстанған жастармен пікір алмасты.

Президенттікке кандидат Жигули Дайрабаевтың республикалық қоғамдық штабы 3 апталық жұмысын қорытындылады. Кандидат пен оның партияластары 12 облыста болып, шаруалар сауалдарына жауап берген. Өңірлік штабтар 2500-ден астам іс-шараны қамтитын үгіт-насихат жоспарын әзірлеген. Соның 70 проценті өткізілді. Еліміз бойынша 305 билборд орнатылып, 200 мың плакат-парақша таратылған.

Төлеутай Рақымбеков, Ж. Дайрабаевтың республикалық қоғамдық штабының басшысы:

Осы алдағы өтетін сайлауға дайындық алғашқы нәтижелердің ішінде бір айта кететіні 2 нәрсе бар. Біріншіден бұл жастардың биылғы жылы ерекше белсенділігі. Өте көп жас өз еркімен келіп, көмектесейік, қандай жұмыс жасайық деп, біздің кандидатпен, сенімді өкілдерімен өтетін кездесулерге қатысып, сұрақтарын қойып жатыр.

Президенттікке кандидат Нұрлан Әуесбаев Батыс Қазақстан облысындағы Теректі ауданының халқымен кездесті. Бұл ауданда 10 мыңдай адам тұрады. Мұнда жол сапасы мен ауыз су мәселесі өзекті. Кандидатпен жолыққан тұрғындар бұл проблема шешімін таппай келе жатқанын жеткізді. Оппазициялық партия өкілі халыққа мейлінше жауап беруге тырысты.

Нұрлан Әуесбаев, ҚР Президенттігіне кандидат:

Тұрғындарды әр түрлі сұрақтар қызықтырады. Мен сайлауалды бағдарламамды толығымен халыққа түсіндірдім. Содан кейін соңынан әр түрлі сұрақтар болды. Жалпы аймақтарда біздің партияның 20 филиалы бар. Былайша айтқанда барлығы да өзінің белсенді, жан-жақты жұмыс істеп жатыр.

Ал, Салтанат Тұрсынбекова сайлауалды үгіт-насихат науқанын Маңғыстау облысында жалғастыруда. Бүгін ол Ақтауға ат басын бұрып, Ана үйіне барды. Орталықта көмек алып жатқан әйелдерге сайлауалды бағдарламасын түсіндірді. Ақтаудағы бұл орталық 2015 жылдан бері жұмыс істеп келеді. 7 жылда 100-ден астам әйел мен 300 бала көмек алған.

Салтанат Тұрсынбекова, ҚР Президенттігіне кандидат:

Сот орындаушыларында жүздеген мың істер бар, қарыздар миллиардтаған теңгені құрайды. Өткен жылы 150-ден астам адам бас бостандығынан айырылды. Сонымен қатар, алимент төлемейтін адамға қатысты қылмыстық іс қозғалған кезде, ол аздаған соманы, айталық, бес мың теңгені төлеп, жауапкершіліктен жалтарып қалуы жиі кездеседі.

Амангелді Сейтхан

Хабарламаларға жазылу