Алматыда 3 млрд теңгеге салынған мектеп қақ айырылуы мүмкін - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматыда 3 млрд теңгеге салынған мектеп қақ айырылуы мүмкін

08.11.2022

«Алматыда 3 млрд теңгеге салынған мектеп қақ айырылуы мүмкін. Ғимараттың қабырғалары қақырап, іргетасы шөге бастаған»,- дейді білім ошағына тексеріс жүргізген қоғамдық бірлестік өкілдері. Ал, алаңдаулы ата-аналардың кейбірі балаларымызды сабаққа жібермейміз деп бекініп отыр.

2021 жылы ғана қолданысқа берілген мектеп ғимаратының қазіргі жай-күйі осы. Нысанның қақ ортасында түсініксіз жарық пайда болған. Оқу орнының директоры тиісті органдарға шағымданып, ешқандай жауап ала алмаған соң, қоғамдық бірлестіктерге жүгінген. Тәуелсіз ұйымдар тексеріс жүргізіп, біршама олқылықты анықтаған.

Болат Әбілжанов, қоғамдық бірлестік өкілі:

Мен талайды көрдім бірақ, мынадай құрылыс нормаларында осындай екіге бөліп, былай қаңылтырмен жауып қойды дегенді бірінші рет көрдім. Құрылысшылардан сұрасақ, мүмкін емес деп таң қалады. Қалай толық бетоннан құйылған ғимарат осылай екіге бөлініп тұрады?!

Салдарынан ғимараттың алдыңғы бөлігінің іргетасы шөге бастаған. Оны мына жарықтардан анық аңғаруға болады. Шетелде іссапарда жүрмін деген мектеп директоры проблемаларды телефонмен жеткізді.

Болат Жанайхан, №202 мектеп-гимназиясының директоры:

Құрылыс сапасыз жүргізілгендіктен жаңбыр жауған кезде төбесінен су ағады. Қабырғалары жарыла бастаған, дәліздегі кафельдері көтеріліп жатыр. Жоба бойынша ең қымбат есіктер салынуы керек болса, 12 мыңдық қағаз есіктер салынған.

Сыныптардағы еден де ойылып, ішіне түсіп жатыр. Нысан құрылысына тапсырыс берген және оны қабылдаған Алматы қалалық Құрылыс басқармасына хабарластық. Олар тексеріс жүргізуге уәде етті.

Олжас Тәжібаев, қалалық Құрылыс басқармасы басшысының орынбасары:

202 мектебіміз 10 бөлек блок деп аталады. Сол блоктардың құралған жері антисейсмикалық тігіс бар. Ол блоктарды өзара қосады. Сейсмикалық жағдайда мектеп қабырғаларының толқуын дұрыстау үшін берілген. Мердігер мекеме, техникалық бағдарлау мамандары бар. Тағы да жұмыстар жүргізіледі. Шикіліктер болса, жөндеу жұмыстарын жасап береміз.

Басқарма басшылығы ғимараттың апатты жағдайда еместігін алға тартып, кем-кетігі жыл соңына дейін түзетіледі деп сендірді. 1200 балаға шақталған білім ошағында қазір 2000-нан астам оқушы оқып жатыр.

Нұрсұлтан Тілектес


Хабарламаларға жазылу