Қазақстан Президентін кезектен тыс сайлауға екі апта қалды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстан Президентін кезектен тыс сайлауға екі апта қалды

06.11.2022

«Генералдар кеңесі» қоғамдық бірлестігінің мүшелері Қасым-Жомарт Тоқаевтың кандидатурасын ұсынған Халықтық коалицияның республикалық штабында сайлау науқаны барысын талқылады. Сондай-ақ үгіт-насихат жұмыстары мен байқаушылар қызметімен танысып, кандидаттың қоғамдық қабылдау бөлмесінде медиа-штабта болды.

Айта кетейік, Генералдар кеңесінің мүшелері елдегі сайлау науқаны аясында жұртшылықпен кездесулерге белсене араласуда. Олар дауыс беру күні әрбір тұрғын өзінің азаматтық ұстанымын іс жүзінде танытуы маңызды деп есептейді.

Дәулет Салханов, «Генералдар кеңесі» РҚБ мүшесі:

Біз үшін 20 қарашаны ерекше маңызды күн деп санаймыз. Ел-жеріміз аман және әрі қарай дами берсін десеңіздер, барлығыңыз түгел отбасыларыңызбен, бала-шағаларыңызбен сайлау учаскелеріне келіп, дауыстарыңызды берсеңіздер дегім келеді.

Үгіт-насихат жұмыстары басталғалы ел Президенттігіне кандидат Мейрам Қажыкен 5 өңірді аралады. Іс-сапарлар аясында студенттер, ұстаздар, дәрігерлер, өндіріс орындарының жұмысшылары кәсіподақ өкілдерімен кездесті. Бүгін кандидат Батыс өңіріне жолға шықты. Ал штаб өкілдері сайлаудың әділ өтуін бақылайтын байқаушылар тізімін жасауда. Әзірге әр аймақтан 30 шақты азамат белгіленген. Қазір оларды оқыту мәселесі қаралып жатыр. Мейрам Қажыкенді қолдау аясында 14 өңірде арнайы штаб ашылып, 150-ге жуық сенімді өкіл жұмыс істеп жатыр.

Галина Казанцева, облыстық штаб басшысы:

Мен халықты өзінің азаматтық таңдауын жасауға шақырғым келеді. 20 қарашада сайлау пунктіне барып, әр адам өз таңдауын жасауы керек. Өйткені бұл еліміз үшін, болашақ үшін ең маңызды сәт.

Президенттікке кандидат Қарақат Әбденнің Ұлытау облысы жұртшылығымен кездесулері басталды. Алғашқы күні ол Жезқазғанда студент жастармен жүздесті. Сайлауалды бағдарламасының негізгі бағыттарымен таныстырып, орта арнайы және жоғары білім берудегі түйткілді мәселелер жөнінде пікір алмасты. Оның ішінде жатақханамен қамту, шәкіртақы мөлшері, жас мамандарды жұмысқа орналастыру және нарықта бәсекелестікті арттыру бойынша ұсыныстарын тыңдады. Қазір Жезқазғанда 1 университет пен 8 колледжде 7 мыңға жуық студент оқиды. Бұған дейін кандидат 6 аймақтағы 10 қала мен бірқатар елді мекенде 20-дан астам кездесу өткізді.

Жәнел Исаева, студент:

Өзіміздің ойымызды жақсы жеткізе алдық және өзімізге керек жауапты ала алдық. Кандидатпен өткен кездесу өте жоғарғы деңгейде өтті деп ойлаймын. Өйткені барлық сұрақтарыма жауап ала алдым.

Президенттікке «Ауыл»  халықтық-демократиялық патриоттық партиясы атынан ұсынылған кандидат Жигули Дайрабаев Алматы облысындағы үгіт-насихат жұмыстарын жалғастырып келеді. Бұл жолы кандидат пен оның партияластары Еңбекшіқазақ ауданына барды. Шелек ауылындағы балық комбинатының жұмысымен танысты. Өмірінің едәуір бөлігін осы салаға арнаған кәсіпкер Мейрамбек Пазылбековпен кездесті. Серіктестіктің бас технологы мен оның қарамағындағы қызметкерлеріне саяси бірлестіктің сайлауалды бағдарламасын таныстырды.

Жигули Дайрабаев, Президенттікке кандидат:

Арал бекіресі Сырдария аймағында өскен. Осыдан 55 жыл бұрын тарихын жоғалтқан балық. Соны өсіретін Қазақстанда бірнеше институт бар.

Мейрамбек Пазылбеков, Балық комбинаты диреторының орынбасары:

Өз заманында жылына 1,5 мың тонна тауарлы балық берген. Біз бұл шаруашылықты қайтадан жандандырып, қолымызға алып жатқанымызға 2 жыл болды.

Оппозициялық партия атынан президенттікке кандидат Нұрлан Әуесбаев үгіт-насихат жұмыстарын әлеуметтік желілердегі парақшасында жүргізді. Алдымен instagram, facebook желілерінде тікелей эфирге қосылып, кеше Астанада өткен тығыз құрылысқа байланысты жиынның қорытындысымен бөлісті. Оқырман жолдаған әрбір сауалға жауап беріп, ұсыныстарын тыңдады. Штаб өкілдері өзекті деген сұрақтарын қағазға түртіп алды. Оппазициялық партия өкілі саяси науқан аясында 50-ден аса іс-шара өткізу жоспарланған.

Нұрлан Әуесбаев, Президенттікке кандидат:

5 қарашада өткен тығыз орналасқан құрылыстарға байланысты өткізген минтингке байланысты біз қорытынды жасадық. Сол бойынша талқылап, митингтің өту барысы жалпы, сонда көтерілген мәселелердің бәрін қорытындылап, шешімге келіп, соған арнайы мәлімдеме жасадық.

Президенттікке кандидат Салтанат Тұрсынбекова Алматы қаласындағы сапарының соңғы күні Желтоқсан құрбандарын еске алды. Ол шаһарда орналасқан «Тәуелсіздік таңы» ескерткіштеріне гүл қойып, егемендік жолында жан тапсырған жандардың рухына тағзым етті. Бұл монумент Алматы қаласында 2006 жылы Желтоқсан оқиғасының 20 жылдығына орай ашылған болатын.

Салтанат Тұрсынбекова, Президенттікке кандидат:

Желтоқсанда желді ысқырық әні бар,

Желтоқсанда көз жасымның мәні бар:

Қыршын кеткен өрімдерге жан күйсе,

Желтоқсанда қуаныштың дәмі бар.

Қазақстан Республикасының Тәуелсіз ел атанғанына биыл 31 жыл толады. Сонау ғасырлар бойы қиыншылықты басынан өткерген халқымыз үшін тәуелсіз ел атану ең қымбат асыл қазына.

Хабарламаларға жазылу