Президент: Біз әртүрліміз, бірақ теңбіз - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Президент: Біз әртүрліміз, бірақ теңбіз

06.11.2022

«Біз әртүрліміз, бірақ теңбіз». Бұл – Қазақстанның саясаттағы берік ұстанымы. Шетелдік дипломатиялық миссия басшыларымен кездесуде Қасым-Жомарт Тоқаев осылай деп мәлімдеді.

Бұл жолы халықаралық сауда мен Қазақстанға инвестиция тарту мәселесі күн тәртібінде тұр. Дегенмен Президент алдымен түрлі салада жүргізіліп жатқан реформаларға тоқталды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Үш жарым жыл ішінде Қазақстанда саяси жаңғыру және адам құқықтарын қорғау жолында көп жұмыс атқарылды. Саяси реформалардың 4 топтамасы жүзеге асырылды. Азаматтардың мемлекет басқару ісіне қатысу мүмкіндігі кеңейді. Жалпы ұлттық диалог нығая түсті. Қоғам өкілдерінің белсенді болуына жол ашылды. Билік институттарының тиімділігі артты.

Мемлекет басшысы елдегі қоғамдық-саяси өзгерістің бағыты өзгермейтінін айтты. Дипломатиялық миссия басшыларына жалпыұлттық референдум нәтижесінде Президент өкілеттігіне қандай шектеу енгізілгенін түсіндірді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Қазақстан күшті Парламенті бар Президенттік республика үлгісіне көшу үшін нақты қадам жасады. Президент өз өкілеттіктерін жүзеге асыру кезінде саяси партияда болмауға тиіс деген норма Ата заңда бекітілді. Президенттің жақын туыстарына мемлекеттік саяси қызметші лауазымын иеленуге және квазимемлекеттік салада басшылық қызмет атқаруға тыйым салынды. Енді Президент өңір әкімдері қабылдаған актілердің күшін жоя алмайды. Оның бұл құзіреті заң жүзінде шектелді.

Президенттің айтуынша, дүние жүзіндегі экономикалық қиындыққа қарамастан, елдің шикізаттық емес экспорты 40 пайызға артқан. Өзге елге 1,5 млн тонна ұн экспорттаймыз. Бірақ өзіміздің нарық импорттық азық-түлікке тәуелді. Қасым-Жомарт Тоқаев бұның инфляцияның өсуіне әсер еткенін айтты. Президенттің пікірінше, дипломатия халықаралық қатынасты басқарып, қауіпті азайтудың бірден-бір құралы. Ол атом энергиясын «адамзаттың орасан зор жетістігі» деп атады. Бірақ тек бейбіт өмір үшін пайдалануға үндеді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Қазақстан БҰҰ-ның ядролық қаруды таратпау туралы бастамасын ерекше қолдап келе жатыр. Ядролық қаруды қолдану үлкен қауіпке алып келетінін ескеруіміз қажет. Атом энергиясын жойқын қару ретінде емес, халықтың тек бейбіт өмірі үшін пайдалану керек.

Жиында Палестина мемлекетінің Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі де пікір білдірді. Мунтасер Әбу Зейд «соңғы уақытта елде іске асқан саяси реформалар көп күттірмей нәтижесін береді» деп есептейді.

Мунтасер Әбу Зейд, Палестина Мемлекетінің Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі:

Әлемдегі жағдай тұрақсыз уақытта Қазақстанның сындарлы, көпжақты саясатты жалғастыратынын білу біз үшін өте маңызды болды. Жақында елде өткен әлем назарында болған бірқатар маңызды халықаралық оқиғаның куәсі болдық.

Кездесу соңында мемлекет басшысы дипломатиялық миссия, халықаралық ұйым өкілдерімен серіктестікті жалғастыруға ниетті екенін жеткізді.

Хабарламаларға жазылу