Басты Жаңалықтар Қасым-Жомарт Тоқаев ЖИ-ді жаһандық реттеу үшін «Вашингтон моделін» қолдануды ұсынды: Сарапшылар пікірі қандай?

Қасым-Жомарт Тоқаев ЖИ-ді жаһандық реттеу үшін «Вашингтон моделін» қолдануды ұсынды: Сарапшылар пікірі қандай?

Қасым-Жомарт Тоқаев ЖИ-ді жаһандық реттеу үшін «Вашингтон моделін» қолдануды ұсынды: Сарапшылар пікірі қандай?

Бүгін Ақордада өткен Жасанды интеллектіні дамыту жөніндегі кеңестің үшінші отырысында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев АҚШ Президенті Дональд Трамптың ірі технологиялық компаниялардың басшыларымен жасанды интеллектіні қауіпсіз әрі жауапты дамыту жөніндегі ерікті келісімін қолдады.

Мемлекет басшысы сарапшылар мұқият зерделегеннен кейін «Вашингтон моделін» БҰҰ қамқорлығындағы халықаралық шарттың ықтимал негізі ретінде қарастыруды ұсынды.

Бұл бастамаға сарапшылар қандай баға береді?

Мемлекет басшысының Трамптың Суперинтеллект жөніндегі бастамасын қолдауы - бұл тек сыртқы әлемге ғана емес, Қазақстан қоғамына да берілген сигнал. ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ Саяси зерттеулер бөлімінің жетекші сарапшысы Нұрдәулет Затилла осылай дейді.

«ЖИ жарысындағы басты мәселе қай модельдің өзгелерден озып кеткенінде емес, олардың салдары үшін кім және қалай жауап беретінде. Қазақстанның ұсынысы дәл осы мәселеге қатысты – компаниялардың ерікті міндеттемелерін барлығына ортақ ережелерге айналдыру. Ел оларды әзірлеу процесіне неғұрлым ертерек қосылса, әлемдік технологиялық алпауыттардың біздің азаматтарымыз бен отандық компанияларымыздың мүдделерін ескеру мүмкіндігі де соғұрлым жоғары болады», - дейді Нұрдәулет Затилла.

Сарапшы бұл ретте ЖИ қауіпсіздігі азаматтардың мемлекетке деген сеніміне тікелей қатысты екенін атап өтті. Оның айтуынша, алгоритм адамға қатысты шешім қабылдауда қателессе, ол үшін америкалық компания емес, жергілікті басқару жүйесі жауап береді.

Ал ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ медиажобалар бөлімінің басшысы Жанар Тулиндинова: «Бұл ұсыныстың стратегиялық маңызы зор. Технологияларды әзірлеу жекелеген елдер мен компанияларда шоғырланғанымен, оларды қолданудың салдары мен соған байланысты тәуекелдер ұлттық шекаралардан әлдеқайда асып түседі. Сондықтан ЖИ-ді қауіпсіз дамыту мемлекеттер мен технологиялық бизнес тарапынан келісілген ұстанымдарды талап етеді. Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасы Вашингтон келісіміне қатысушылардың ерікті міндеттемелерінен халықаралық ережелердің неғұрлым кең жүйесіне көшу перспективасын ашады», - деді ол.

Осылайша «Вашингтон моделін» қолдау Қазақстанға ішкі цифрлық трансформацияны сыртқы бастамамен ұштастыруға мүмкіндік береді: нақты секторда ЖИ енгізуді жеделдету және сонымен қатар оны қауіпсіз пайдаланудың халықаралық ережелерін қалыптастыруға қатысу, деді Жанар Тулиндинова.

Сарапшы Жанна Булхаированың айтуынша, бұл бастаманың Қазақстан үшін маңызы - елдің қалыптасқан ережелерге бейімделіп қана қоймай, жасанды интеллект саласындағы халықаралық ережелерді қалыптастыру процесіне де қатысу мүмкіндігінде.

«Қазақстан үшін бұл бастаманың маңызы, ең алдымен, ережелерге бейімделіп қана қоймай, оларды қалыптастыруға қатысу мүмкіндігінде. Цифрлық даму деңгейі орташа ел үшін бұл маңызды: егер ЖИ қауіпсіздігі стандарттарын қатысушылардың шағын тобы әзірлейтін болса, олар озық модельдерді жасамай, негізінен технологияларды пайдаланатын мемлекеттердің мүдделерін ескермеуі мүмкін. Қазақстанның диалог алаңы болуға дайын екені және Майамида өтетін G20 саммитінде ортақ пайымды таныстыруы осы елдер тобының ұстанымын талқылауға енгізуге мүмкіндік береді», - деді ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ Жаһандық экономика және тұрақты даму бөлімінің бас сарапшысы Жанна Булхаирова.


 


 


 


 


 


 


 


 


Бөлісу