Жұмыс кестесін сақтамаған мердігерлерді жазалау керек. Мемлекеттік сатып алу саласының сарапшылары осындай ұсыныс жасады. Бұл құрылыс сапасының артуына қалай көмектеседі?
Серік Селеубайұлы, тілші:
Мына мектеп келесі жылдың қыркүйегінде қолданысқа берілуі керек. Көріп тұрғанымыздай қабырғасы да қаланбаған. Қар түскен соң құрылыстың тоқтайтынын ескерсек мердігер алты айда бұл нысанды тапсыруы тиіс. Ал асығыс жасалған жұмыстың сапасы қандай болады? Ата-аналарды осы сұрақ мазалайды.
Өндіріс шағын ауданында мың жарым бала бар. Олардың көбі №12 және №23 мектептерге барады. Ал онда сыймағаны қаланың басқа аудандарына қатынап оқиды. Сондықтан жаңа білім ошағы салынатыны туралы жаңалықты тұрғындар қуана қабылдаған. Бірақ көктемде басталған құрылыстың қарқыны баяу.
Арман Есмағамбетов, қала тұрғыны:
Құрылыс екі айға толық тоқтап қалды. Содан кейін адамдар қоңырау шала бастады. Неге болып қалды, неге құрылыс жүрмей жатыр деп. Өйткені, бар-жоғы 15 ай берілген осы құрылысқа. Аязда, қыста, суықта салынған құрылыс сапасыз болады деп қатты уайымдаймыз.
Жобалық-сметалық құжат бойынша құрылыстың әр кезеңіне берілген уақыт бар. Ол стандарттар ғылыми зерттеулер мен тәжірибеге сүйеніп жасалған. Яғни ғимараттың іргетасы берік, еңсесі биік болу үшін бұл талаптарды бұлжытпай орындау керек.
Виктор Микрюков, Қазақстан құрылыс салушылар қауымдастығының президенті:
Асығыс салынатын құрылыстың бәрін кейін қайта жөндеу керек болады. Мердігерлер жанталасып жүріп уақытында тапсырғанмен, бәрібір артынан 3-4 ай жүріп жұмысының кемшіліктерін жояды. Өйткені қысқа мерзімде сапалы жұмыс істеу мүмкін емес. Мұндай нысандарды күтіп ұстау да бірнеше есе қымбатқа түседі.
Бұған бірнеше себеп бар. Құрылысшылар көбіне қаржының дұрыс бөлінбеуінен бекітілген кестеден кешігуге мәжбүр болады. Өз қаражатымен жұмыс істеуге көп кәсіпкердің шамасы жетпейді. Бірақ сарапшылар бас пайдасы үшін әдейі созбаққа салатын мердігерлер де бар екенін жасырмайды. Олар инфляцияны алға тартып, тапсырыс берушіге қосымша қаржы бөлдіруді әдетке айналдырған.
Дидар Смағұлов, «Әділдік жолы» республикалық қоғамдық бірлестігінің атқарушы директоры:
Кестеден шықса ешқандай жауапкершілік қарастырылмаған. Не заңда, не келісімшарттарда. Бірақ біз оны өзгертсек. Тапсырыс беруші осындай-осындай кестені көрсетеді. Сол кесте арқылы жұмыс жасайды. Егер жасамаса нақты осындай жауапкершілік бар екенін енгізсек, жағдай басқаша болады. Екі айда салынатын мектептерден біз құтыламыз.
Сарапшылар қаржыны уақытылы бөлмеген мемлекеттік органды да жазалау керегін айтады. Ол үшін адамның қатысуынсыз, автоматты түрде айыппұл салатын арнайы механизм енгізу қажет. Жауапты министрлік өкілдерібұл кемшілікті жою керек, дейді.
Ержан Мыңжасаров, ҚР Қаржы министрлігі Ішкі мемлекеттік аудит комитетінің төрағасы:
Мемлекеттік сатып алу туралы заңға сәйкес, құрылысты уақытылы аяқтамағандарға айыппұл салынады. Бірақ мердігерлердің жұмыс кестесін сақтамай, құрылыс кезеңдерін кешіктіргені үшін жаза қарастырылмаған. Сондықтан Мемлекеттік сатып алу, болмаса құрылыс саласындағы заңдарға бұл үшін жауапкершілік енгізу керек деп ойлаймын.
Гәп мемлекеттік сатып алу туралы заңда. Өзгерту керек. Оны үкімет келесі жылдың қыркүйегінде парламентке ұсынбақ. Оған дейін жауапты органдар мен бизнес өкілдері сақалды құрылыстарға қатысты қалыптасқан тәртіпті өзгерте алмайды.
Серік Селеубайұлы