Атырауда «Мұнайшылар даңқы» аллеясы ашылды. Игі істі «Ембімұнайгаз» АҚ өзінің ғасырлық мерей тойына орай жүзеге асырды. Сәулетті нысан қара алтынды игеруге атсалысқан майталман мұнайшыларға деген құрметтің белгісі.
Ембі – қазақ мұнайының алтын көмбесі. Тарихы әріден басталатын іргелі кәсіпорын 100 жылдан бері ел экономикасына сүбелі үлес қосып келеді. Айналасы 10 жылда 30 млн тоннадан астам өнім игеріп, қазынаға 1,303 трлн теңгедей қаржы аударды. Бұл нәтиженің астарында майталман мұнайшылардың маңдай тері жатыр. Ашылған аллея сол озат еңбеккерлердің ерен ісін ұлықтап, өткені мен бүгінін жалғап тұр.
Рысты Тасмағамбетова, «Ембімұнайгаз» АҚ бас директорының орынбасары:
Біздің қалада мұнайшылар еңбегін құрметтейтін бірде-бір монументалдық ескерткіш салынбаған екен. Сондықтан біз осы жобаны қолға алып, бүгінгі күні мәресіне жеткіздік.
6300 шаршы метр аумақты алып жатқан аллеяның қақ төріндегі тұғырға мұнай мен табиғи газдың жалынын бейнелейтін 15 метрлік тас қойылған. Қос қапталында кен орындарының атауы жазылған 47 баған бар. Оған түрлі тақырыптағы композициялар мен елеулі тұлғалардың есімі жазылған ескерткіш тақта орнатылған. Демалыс орнында балаларға арналған 4 ойын алаңы да жайғасқан.
Мақсым Ізбасов, мұнай саласының құрметті ардагері:
Сонау 1959 жылы Ақтөбе облысындағы «Кеңқияқ» игерілсе, 1961 жылы «Жетібай», 1964 жылы «Өзен» мұнай-кен орны, 1979 жылы «Теңіздің» ашылуының басы-қасында Ембіліктер тұрды.
Игі іс жалғасын табады. Ембілік мұнайшылар 100 жылдыққа арналған кешенді бағдарламаның аясында жақын күндері 4 кенттің халқына көпфункционалды спорт алаңын пайдалануға бермек.
Жандос Темірғали