Атырауда балықтың 80 пайызы сыртқа экспортталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Атырауда балықтың 80 пайызы сыртқа экспортталды

01.11.2022

Атыраудың балығына әлем елдерінен сұраныс артты. Әсіресе, еуропалықтар жеңсік асқа құмар. Қазір өңірдегі су айдындарында күзгі тартым қыза түсті. Шаруашылықтар осы маусымдық жұмысты пайдаланып, экспортқа қажет қорды жинап алып жатыр.

Брендке айналған балықты аулау анау айтқандай оңай шаруа емес. Күн-түн демей су кешіп, жауын-шашын мен суыққа төтеп беру керек. Қазір өңірдегі 19 копперативтің 3 мыңдай жұмысшысы, жүктелген 18 мың тонналық лимитті игеру үшін жанталысуда. Олар мұз түскенше жоспардың жоқ дегенде тең жартысын орындап үлгеруі тиіс.

Сансызбай Сағаденов, бригадир:

Бәрі ауа райына байланысты. Теңізден тартудың желі де қайтудың желі де аздап қиындық келтіреді енді. Жарақтарымыз кетеді ығып. Сондай жағдайлар кездеседі. Жұмыс істеуге де мүмкіндік болмай жатады.

Балықшыларға қойылатын талап та қатаң. Жалпыға бірдей бекітілген ереже бар. Оның орындалуын инспекторлар қадағалайды.

Бақыт Есбергенов, Құрманғазы балық инспекциясы бөлімінің бас маманы:

Қайықтың құжаттары болуы керек. Қолында рұқсат билеті болуы керек. Әркім күнделікті өзінің аулап тапсыратын балықтың кәсіптік журналы болуы керек. Соның құжаттарын бәрін қараймыз.

Машақатпен ауланған балықты үйлестіру – «Амангелді» серіктестігіне жүктелген міндет. Кәсіпорын өнімді бастан-аяқ қалдықсыз өңдейді. 100 түрлі дайын тауардың тең жартысынан көбі шетелге экспортталады.

Слухия Бейсенова, балық цехының маманы:

Оның ішінде Германияға, Польшаға, Францияға, тағы да басқа Литвадан мысалы сұраныс болған жағдайда жібереміз. Израйлға кетеді.

Өткен жылы 10 мың тоннадай балық өнімі шекара асты. Тапсырыс Еуропамен қатар, ТМД елдерінен де жиі түседі. Жақын күндері дайын тауардың алғашқы партиясын Қытайға жөнелту жоспарда бар. Тұтынушылар – жеңсік астың сапасы мен құнарлылығына жоғары баға беріп отыр.

Жандос Темірғали, тілші:

Бұл цехта әлем елдеріне экспортталатын балықтың 10 түрі дайындалады. Ең сұранысқа ие мына көксерке балығы. Қазір Германияға жөнелтілетін тауар әзірленіп жатыр.

Экспорттан бөлек, балық шаруашылығын әртараптандыру да күнтәртібінде тұрған басты мәселе. Енді кооперативтер тоғанға тауарлы балық өсіруді қолға алмақ. Осы бағытта қазір 9 пилоттық жоба жүзеге асып жатыр.

Жандос Темірғали


Хабарламаларға жазылу