Кезектен тыс президент сайлауына 3 апта қалды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Кезектен тыс президент сайлауына 3 апта қалды

30.10.2022

Президентті кезектен тыс сайлау күні жақындап келеді. Саяси додаға 3 апта қалды. Ал қазір іріктелген 6 кандидат үгіт-насихат жұмыстарымен жүр. Олардың өздері немесе қолдау штабының өкілдері өңірлерді аралап, бағдарламасын таныстырып, тұрғындар сұрақтарына жауап беруде. Үміткерлер үгіт жұмыстарын атқаруы үшін бюджеттен әрқайсысына 10 млн теңге бөлінген еді. Кандидаттардың сайлауға дайындығы туралы келесі сюжетте.

Ертеңгі ел тағдыры бүгінгі жастардың қолында. «BIR TOLQYNDA» жастар диалог алаңында арнайы отырыс өтіп, президент сайлауындағы кейінгі толқынның рөлі туралы айтылды. «Жастар қауымы - реформаларды жүзеге асыру ісінің негізгі қозғаушы күші. Себебі, олардың бойында жаңа ой, жаңа көзқарас, жаңа мақсат пен ұмтылыс бар» - деді Астана қаласы мәслихатының депутаты Салтанат Дженалаева. Ал, диалог алаңының модераторы Арсланбек Мағзұм 20 қарашада әр жас азамат өзінің сайлау учаскесіне келеді деп үміттенетінін алға тартты. «Себебі бұл күні біз кандидатқа дауыс беріп қана қоймай, ел тағдырын шешеміз», – деп түйіндеді ол.

Арсланбек Мағзұм, Халықтық коалиция белсендісі:

Біз барлық жастарды келе жатқан сайлауға қатысуға шақырамыз. Өйткені, әрбір жас азамат өз таңдауын жасау керек және Қазақстанның болашағы қандай деген сұраққа өз жауабын осы сайлауда қою керек.

Бүгін «Аманат» Қазақстан кәсіподақтар достастығы» бірлестігі атынан ел президенттігіне кандидат ретінде тіркелген Мейрам Қажыкен елордадағы штабта болды. Онда аймақтық штабтар мен онлайн конференция өткізді. Өңірлердегі қоғамдық кеңсе мүшелері мен сенімді өкілдер сайлауалды науқанның барысы туралы баяндады. Сонымен қатар сөз барысында алдағы іс-сапарлар жайы да жоспарланды. Содан соң Мейрам Зекешұлы республикалық кәсіподақ қызметкерлерімен және кәсіпкерлермен кездесті. Мұнда елдегі жұмыс беруші мен жұмыс алушы арасында әлеуметтік әріптестік жайы қаралды. Тиісінше осы тақырып аясында алдағы уақытта ауқымды шара ұйымдастыру қолға алынбақ. Кездесу Алматы қаласында өтеді деп жоспарланып отыр.

Мейрам Қажыкен, президенттікке кандидат:

Үлкен, кең отырыс. Кәсіпкерлерді шақырамыз. Кәсіподақтар да болады. Сол жерде бүгінгі көтерілген мәселелерді нақты талқылаймыз. Еңбек адамының құқығы мүдделері. Бірақ былай қарағанда жұмыс берушінің да құқықтары барғой. Екі жаққа да ыңғайлы келісім болу керек.

Ұлылар мекені Абай облысына келіп, балалық шағымды есіме алдым. Семей маңындағы өндірістік кооперативтердің бірінде болған Президенттікке кандидат Қарақат Әбден осылай деді. Төрт түліктің төлін баққан қазақ сүтін суысын, етін азық, өзін күш-көлік еткен. Осыны көкейіне түйіп, үлкендердің жолын қуған кандидат қолына шелек алып, бие сауды. «Үш бие – бұлақ, екі бие - ел асы, бір бие – жоқтың қасы» деген халқымыз. Сондықтан, жас ұрпақ жылқы бағудың, оның ішінде бие сауудың айрықша қажеттігін түсіну керек, - дейді кандидат. Саумалдан қымыз пісудің сан қырын үйретуде маңызды. Кандидат ат басын бұрған өндірісте 80 бие сауылады. Күніне 400-500 литр қымыз дайындалады.

Қарақат Әбден, президенттікке кандидат:

Ұлы Абайдың жеріне келіп, балалық шағымды есіме алып, өзім ауылда өскен, сиыр мен биені сауып өскен қазақтың қызымын ғой. Сондықтан біз үшін жылқы деген, қымыз деген өте ыстық.

Сонымен қатар, кандидат Семейдегі қарттар үйінде болып, мекеме ұжымын кәсіби мерекелері - әлеуметтік қызметкерлер күнімен құттықтады. Сайлауалды бағдарламасымен таныстырып, сауалдарға жауап берді. Мекемеде қазір 136 әлеуметтік қызметкер еңбек етеді. Алғыс арқалайтын арда мамандық иелері мұнда 155 адамға қызмет көрсетеді.

Президенттікке кандидат Жигули Дайрабаев Ақтөбе облысындағы үгіт-насихат жұмыстарын жалғастырып жатыр. Бүгін кандидат пен оның партияластары Хромтау ауданындағы май экстракциялау зауытына барды. Өндіріс ошағының тыныс тіршілігімен танысты. Қазір өсімдік майына деген сұраныс артуда. Осыған байланысты бұл өндіріс түрі агроөнеркәсіптік кешеннің тез дамып келе жатқан салаларының бірі. Кездесу барысында Жигули Дайрабаев осы секторды дамыту үшін қолға алынуы тиіс бастамаларға тоқталды.

Ермек Абуов, Қазақстан фермерлер қауымдастығы төрағасының орынбасары:

Зауыт директорының айтуына қарағанда 150 мың теңге алады екен. Тоқтаусыз жыл он екі ай жұмыс істеп жатыр. Жұмысшыларға барлық жағдай жасалған. Зауыттың қуаттылығы жылына 20 мың тонна май шығарылады.

Президенттікке кандидат Нұрлан Әуесбаев пен жақтастары елорда іргесіндегі 30 мыңдай халқы бар Қоянды ауылының тұрғындарымен кездесті. Жиында «Жалпыұлттық социал-демократиялық» партиясы туралы ақпарат беріп, сайлауалды тұғырнамасының негізгі бағыттарымен қысқаша таныстырды. Сайлаушылар тарапынан кандидатқа бірқатар сұрақ қойылылып, пікір алмасу болды. Нұрлан Әуесбаев бұған дейін саяси науқан алдындағы үгіт-насихат жұмыстарымен Қарағанды, Ақтөбе және Ақмола облысына барды. Бұл шараға ірі мегаполистер мен облыстардағы жақтастары да атсалысып жатыр. Кандидаттың сайлауалды бағдарламасы бойынша 50-ден аса іс-шара өткізу жоспарланған.

Нұрлан Әуесбаев, президенттікке кандидат:

Қоянды елді мекенінде кездестік, осында 50-60 адам болды. Негізгі сұрақтар өте көп болды. Бүкіл өңірді қамтыдық, мүмкіндігінше бәріне мүмкіндігінше жауап беруге тырыстық. Мен риза болғаным Қоянды халқы өте сауатты.

Амангелді Сейтхан


Хабарламаларға жазылу