Еуропалықтар қыс бойы жылуды қоспауға мәжбүр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Еуропалықтар қыс бойы жылуды қоспауға мәжбүр

30.10.2022

Ал еуропалықтар қыс бойы жылуды қоспауға мәжбүр. Энергетикалық дағдарыс осындай хәлге жеткізді. Қазір қарт құрлықтың халқы жылу түгіл, жарықты да үнемдеуге көшті. Өйткені Еуропа мен Ресей арасындағы «энергетикалық соғыс» басталған соң тарифтер күрт өскен. Халықаралық сарапшылардың есебінше, энергетикалық дағдарыс салдарынан Еуропада металлургиялық кәсіпорындардың өндірісі 30-дан 60 процентке дейін төмендеп кетуі мүмкін. Ал тау-кен және химия өнеркәсібіндегі құлдырау 45 пайызға жетуі ықтимал. Өндіріс төмендесе, ЕуроОдақтың Жалпы ішкі өніміне де кері әсер етеді деген сөз. Жалпы ішкі өнім кем дегенде 6,5–11,5% төмендеуі мүмкін, - дейді сарапшылар. 16 миллионға жуық адам жұмыссыз қалады, деген жағымсыз болжам бар.

Нұрсұлу, тұрғындар тоқты қалай үнемдеп жатыр? Жылу маусымы қашан басталады? Еуропалықтардың қыс бойы жылуды да үнемдеуге бекініп отырғаны рас па?

Нұрсұлу Қасым, тілші:

Энергетикалық дағдарыс Еуропада қатты сезіле бастады. Жыл басынан бері көгілдір отын 5 есе, электрэнергияның бағасы 10 есеге шарықтады. Бұл әсіресе энергетика секторына ауыр соққы болды. Тоқ қымбаттағалы қарт құрлықта мыңдаған шағын кәсіпорын, болат, алюминий зауыттары жабылды. Бір ғана Италияның өзінде жыл соңына дейін 120 мың кәсіпорын жұмысын тоқтатып, 370 мыңнан астам адам жұмыссыз қалуы мүмкін, - дейді экономистер. Қазір қарт құрлық елдері электроэнергияны жаппай үнемдеуге көшті. Кешке көшелердегі, тас жолдардағы шамдар өшіріледі. Патша сарайлары, қаладағы ескерткіштер бұрынғыдай жарқырап тұрмайды. Қап-қараңғы. Тоқты үнемдеу үшін Швецияда шіркеулер, Финляндияда сауналар жабылып жатыр. Ғимараттардағы ауа температурасы 19 градустан көтерілмеуі тиіс. Сондай-ақ, мемлекеттік, жеке меншік мекемелер қызметкерлеріне лифтті пайдалануға шектеу қоюда. 

Нұрсұлу, тоқты тұрғындар қалай үнемдеп жатыр? Жылу маусымы басталды ма сіздерде?

Нұрсұлу Қасым, тілші:

Жылу маусымы басталды. Бірақ, тұрғындар әлі жылуды қосқан жоқ. Биыл Еуропада күз ерекше жылы боп тұр. «Қыс суық болса да жылуды қоспаймыз», - дейді халық. Бәрі жарық пен жылуға қыруар ақша төлеуден қорқып отыр. Сондықтан, қазір тұрғындар жаппай жылы киімдер, жылы көрпелер сатып алуда. Мынадай жылытқышқа сұраныс артқаны сонша, жұрт дүкендерден талап әкетіп жатыр. Тоқты үнемдеу үшін еуропалықтар ыдысты, кірді қолмен жуып, майшаммен отыруға дағдылануда. Мейрамханалар да тамақты тоқ пешке пісірмей, шоққа қақтап дайындауға көшуде. Қазір Еуропа елдерінің газ қорын сақтайтын қоймалары 93 пайызға толық. Бірақ, күн күрт суытып, қор түгесілетін болса, онда қарт құрлықта жарық сөнуі жиілейді, - дейді сарапшылар.

Нұрсұлу Қасым

Хабарламаларға жазылу