«Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында Екібастұзда 108 отбасы жаңа пәтерге кірді. Олардың дені көпбалалы, әлеуметтік аз қамтылған отбасылар мен балалар үйінде өскен жастар. Естеріңізге сала кетейік, кеншілер мен энергетиктер шаһарында соңғы үш жылда көпқабаты 16 үй салынды. 1260 отбасы баспаналы болды. Бұл Екібастұз ерекше дамитын қала мәртебесін алғаннан кейінгі қол жеткен игілік.
Айдана Мұхамедиянова, қала тұрғыны:
Екі жарым жыл кезекте тұрып, осындай аз уақыттың ішінде 3 бөлмелі пәтерге ие болып отырмыз. Үлкен қуаныш біз үшін. Әр қазағымыз баспаналы болсын, қуаныштымын!
Ал, Жамбыл облысында «Асарлатып үй салу» жобасы аясында 12 отбасы баспаналы болды. Көптің қолдауымен үй салу өңірде екі жыл бұрын басталды. Осы жоба аясында 2020 жылы 99 үй берілсе, былтыр 134 отбасы баспаналы болды. Ал, биыл үйлі болғандардың саны жүзден асады. Солардың бірі Талас ауданы Қаратау қаласының тұрғыны Сандуғаш Итенова. Көп балалы анаға ауыл-аудан азаматтары күш біріктіріп, 4 бөлмелі баспананы сыйға тартты. Қарапайым жұрттың демеуімен тұрғызылған үйге су құбыры мен газ тартылған.
Сандуғаш Итенова, көпбалалы ана:
Осы Қаратау қаласының тұрғындарына, әкімдігіне алғысымды білдіремін. Осы үйді салып беріп бізге үлкен сый білдіріп жатқандарына алғысым шексіз. Рақмет сіздерге.
Нұрдос Сембекұлы