Республика күнін ақтөбеліктер игі істерменатап өтті. Қала тұрғындары жаппай ағаш отырғызу акциясына қатысты. Ал, кәсіпкерлердің бірі аз қамтылған отбасыға жаңа пәтердің кілтін табыстады. Сонымен бірге елдің өзге де аймақтарында түрлі мерекелік іс-шара ұйымдастырылды.
«Нұр-Ғасыр» мешітінің ауласына жиналған дін өкілдері елді бірлікке, татулыққа шақырды. Бұл жерге 140 көшет отырғызылды. Оның көбі жеміс ағаштары. Ал, өңірдегі құрылыс жұмыстарымен айналысатын кәсіпкерлердің бірі мүгедек бала тәрбиелеп отырған отбасыға екі бөлмелі пәтерді сыйға тартты. София қазір төртінші сынып оқушысы. Бірнеше мәрте басына ота жасатқан. Сабақты да үйден оқиды. Оның кіріп-шығуына ыңғайлы болу үшін баспана бірінші қабаттан берілді.
Шығыс Қазақстандағы Сағыр ауылында көпбалалы 8 отбасы баспаналы болды. Жаңа үйлер «бір қабаты шығыс» деген арнайы аймақтық бағдарлама бойынша салынды. Былтырдан бері Ұлан ауданындағы бірнеше ауылда қырықтан аса баспана пайдалануға берілді. Ауданда мыңнан аса адам үй кезегінде тұр. Олардың басым бөлігі әлеуметтік аз қамтылған отбасылар. Мәселені шешу үшін өңірлік бағдарлама қабылданған. Соңғы 3 жылда ұзақ уақыт бойы кезекте тұрған тұрмысы нашар және көпбалалы отбасыларға баспана берілді.
Қостанайда ретро көліктер көрмесі өтті. Темір тұлпарлардың арасындағы ең көнесі 1961 жылы шыққан «Москвич». Көрмені тамашалауға келгендер ескі көліктерді көріп, өткен шақты еске алды. Сондай-ақ, автокөлік шеруі де ұйымдастырылды. Оған қатысушылар еліміздің көк байрағын желбіретіп қаланың басты көшелерімен жүріп өтті. Мақсат – мемлекеттік мерекені ұлықтау, елдің рухын көтеру.
Бауыржан Бөгенбай