Алматы қаласына қарасты Сұлусай ықшам ауданында бірнеше үй топырақ астында қалуы мүмкін - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматы қаласына қарасты Сұлусай ықшам ауданында бірнеше үй топырақ астында қалуы мүмкін

18.10.2022

Алматы қаласына қарасты Сұлусай ықшам ауданында бірнеше үй топырақ астында қалуы мүмкін. Себебі, мердігерлер тау суы ағып өтетін арықтың құрылысын аяқсыз тастап кеткен. Соның кесірінен ағынды су баспаналар орналасқан сайға құяды. Үйсіз қаламыз ба деп алаңдаған тұрғындар арнамызға хабарласып көмек сұрады. Олардың айтуынша, жергілікті әкімдік мәселені шешуге асықпай отыр.

Мына жерде лотокпен су келеді. Мына жерде екі-үш лоток құлап жатыр. Арық қоқыспен толып қалса, екі жақтап сайға қарай ағады.

Көреген Жауынбаев отбасымен Сұлусай ықшам ауданына 2018 жылы қоныстанған. Оған дейін жалдамалы пәтерде тұрып келген. «Енді ғана баспаналы болдым дегенде көріп отырғаным мынау», - дейді ол. 5 жыл бұрын басталған құрылыс жұмысы аяқсыз қалып, енді ағын су үйіне қауіп төндіріп тұр.

Көреген Жауынбаев, тұрғын:

Биыл көктемде жаңбыр жауып, су ағып сіңсе мынаның бәрі төбеге құлайды. Топырақты қолмен шығару мүмкін емес. Мына жерде оншақты үй бар. Оларға да қауіпті су келетін болса.

Жуырда ғана төбеден көшкен топырақ Көреген Жауынбаевтың үйіне дейін жеткен. Оны мына қолдан жасалған қоршаулардан байқауға болады. Егер нөсер жауса, бірнеше үй су мен батпақтың астында қалады деп отыр. Медеу аудандық әкімдігі болса алдағы бір-екі аптаның көлемінде арықты аяғына дейін салып бітіретінін жеткізді.

Архат Омаров, Медеу ауданы әкімінің орынбасары:

Топырақ алынбауы да мүмкін. ТЖД-ның шешіміне сүйенеміз біз. Бұл кісілердің айтып отырғаны 40-50 машина көлемінде топырақ шығарып беру керек. 40-50 машина алатын болсақ тау қозғалып кететін қаупі бар. Оны арықты салып біткеннен кейін орынан шығып жұмыс тобымен қадағалаймыз, қараймыз.

Осылайша аудан әкімдігі 20 күн ішінде проблеманы шешеміз деп сендірді. Тұрғындар болса осы уақыт аралығында күн райы күрт суытып, жаңбыр жаумаса екен деп тілеп отыр.

Нұрсұлтан Тілектес

Хабарламаларға жазылу