Астанада өткен «Орталық Азия - Ресей» саммитінде сауда-саттық тақырыбына басымдық берілді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Астанада өткен «Орталық Азия - Ресей» саммитінде сауда-саттық тақырыбына басымдық берілді

16.10.2022

Әлемге аштық қаупі төніп тұрғандықтан, Астанада өткен «Орталық Азия - Ресей» саммитінде сауда-саттық тақырыбына басымдық берілді. Санкция астында қалған Ресей Орталық Азияға бет бұра бастады. Путин Ресейдің Орталық Азиямен көпжақты кооперацияға дайын екенін мәлімдеді. Сондай-ақ Мәскеу Орталық Азия елдерін импортты алмастыру бойынша ресейлік бағдарламаларға да тартуға құлықты. Саммитке қатысқан мемлекеттердің басшылары да экономикалық байланысты кеңейтуге мүдделі. «Бірақ шетелдік бәсекеден қорғану үшін қолданылатын протекционизмнен аулақ болған жөн». Бұл – Тоқаевтың мәлімдемесі. 

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Қазіргі жағдайда қалыптасқан сауда-экономикалық байланыстарды сақтау аса маңызды. Шағын және орта бизнесті қолдау шараларына, энергетика, өнеркәсіп, көлік-логистика, ауыл шаруашылығы салаларындағы бірлескен жобаларды қолға алуға ерекше назар аудару қажет. Бұл ретте сауда кедергілерін жою және протекционистік шараларға жол бермеу маңызды.

Ресми дерекке сүйенсек, Ресейдің ТМД елдерімен сауда қатынасы былтырдың өзінде 30% өскен. Оның ішінде басымдық Азия елдеріне берілген. Батыспен байланыс бүлінген сайын Ресей орталыққа қарай ойыса беретін сыңайлы. Демек, посткеңестік кезеңде үзілген қарым-қатынас қайта жаңғыра бастады.

Альбина Әшім

Хабарламаларға жазылу