Шекара мәселесі: Біріккен Ұлттар Ұйымының жарғысына сәйкес тек бейбіт жолмен шешілуі керек
Шекара мәселесі Біріккен Ұлттар Ұйымының жарғысына сәйкес тек бейбіт жолмен шешілуі керек. Орталық Азия – Ресей форматындағы алғашқы саммитте Президент Тоқаев осылай деп мәлімдеді. Жиында Мемлекет басшысы көпжақты әріптестікке нұқсан келтіретін кейбір жайттарды тізбектеп, әріптестіктің болашақ бағдарына қатысты өз көзқарасын білдірді. Сонымен Орталық Азияның бестігі мен Ресей қарым-қатынасының келешек көкжиегі қандай болмақ.
Орталық Азия елдерін ортақ тарих пен дін, мәдениет пен тіл байланыстырады. Ал бұл өңірдің Ресеймен қарым-қатынас шежіресі тарихтан белгілі. Көршімен татудың көңілі тыныш дейді. Сондықтан да әлемдегі сан құбылған ахуалды ескерсек, бұндай жиынның маңызы зор. Жер мен шекараға қатысты мәселе үстел басында отырған мемлекеттер арасында да бар. Бұл өзекті жайтқа қатысты Қазақстанның ұстанымы айқын.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Тұрақсыздыққа алып келетін тағы бір фактор – өңірдегі жекелеген елдер арасындағы шекара мәселесінің реттелмеуі. Шекара проблемасы ғасырлар бойы қалыптасқан достық, өзара сенім және тату көршілік негізінде, сондай-ақ халықаралық құқық пен БҰҰ Жарғысының іргелі қағидаттарын мүлтіксіз сақтау арқылы тек бейбіт жолмен шешілуге тиіс.
Украинадағы жағдайға байланысты Батыс елдері Ресейге жаппай санкция салды. Оның салқынын тек теріскейдегі көршіміз ғана емес, Орталық Азияның бестігі де сезіп отыр. Енді Ресей көп тауарды біздің елдерден алуға мүдделі.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Қазіргі жағдайда қалыптасқан сауда-экономикалық байланыстарды сақтау аса маңызды. Шағын және орта бизнесті қолдау шараларына, энергетика, өнеркәсіп, көлік-логистика, ауыл шаруашылығы салаларындағы бірлескен жобаларды қолға алуға ерекше назар аудару қажет.
Бүгінде әлемде цифрлық даму кезеңі қарқын алды. Әлеуметтік желілер де шекараны жойды. Ақпарат көз ілеспес жылдамдықпен тарап жатыр. Сан түрлі пікір арасында арадағы достыққа сызат түсіретін мәлімдемелер де қылаң беріп жатады. Әсіресе солтүстік жақтан. Президент Тоқаев бұл біздің ынтымақтастығымызға нұқсан келтіреді деді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Дау-жанжал мен дүрбелеңді болдырмау үшін салалық ведомстволарымыз бен қоғамдық ұйымдарымыз тығыз ынтымақтастық орнатып, түсіндіру жұмыстарын барынша белсенді жүргізуге тиіс. Көп нәрсе біздің мемлекет қайраткерлеріміздің саяси жауапкершілігіне де байланысты.Өкінішке қарай, кейбір елдерде серіктес мемлекеттер басшыларына қатысты арандатушылық сипаттағы сөздер айтылып жүр. Бұл, әрине, біздің ынтымақтастығымызға нұқсан келтіреді.
Шерхан Жамбылұлы, тілші:
Тұрақтылық, экономика, ақпараттық қауіпсіздік. Жиынның негізгі тақырыптары осы болды. Бірақ, алты жақты ынтымақты дамыту үшін мәдени-гуманитарлық саланың да маңызы зор. Әсіресе жастар арасындағы байланысты нығайта түсу керек. Мемлекет басшысының ұсынған тағы бір бағыты осы болды.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы
