Ақмола облысында Республика күніне орай 100-ден астам мерекелік шара өткізіледі. Ғылыми-тәжірибелік конференциялар, шығармашылық сайыстар, балалар мен жастарға арналған өлкетану, қоршаған ортаны қорғау, туған жерді тану бағытындағы бірнеше шаралар жоспарланған. Сондай-ақ, ұлттық мерекеге орай тұрғындарға жаңа баспана беріледі, әлеуметтік нысандар ашылады. Айрықша мерекеде халық айтыс, мүшәйра, жаңа қойылымдар мен концерттік бағдарламаларды тамашалай алады. Барлық іс-шаралардың өтетін уақыты мен орны бұқаралық ақпарат құралдарында, әлеуметтік желілерде алдын-ала жарияланады. 25-қазанда облыс орталығы Көкшетауда өңір өнерпаздарының мерекелік концерті болады.
Нариман Әбдірахманов, Ақмола облыстық Ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары:
25-ші қазанда өңірдегі барлық орталық алаңдарда, саябақтарда көрмелер, жәрмеңкелер, мерекелік концерттер, спорттық сайыстар ұйымдастырылады. Іс-шаралар барлық жастағы тұрғындарды қамтиды. Бұл ұлттық мереке жалпыхалықтық деңгейде аталып өтпек.
Ермек Елберген