Соңғы күндері түрік медиасының басты тақырыбы Түркия президенті Режеп Тайип Ердоғанның Қазақстанға сапары болды. Ақпарат құралдары бұл сапар екі елдің қарым-қатынасы үшін өте маңызды екенін айтады. Сондай-ақ, Астанада өткен Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары саммитінде әлемдегі геосаяси дағдарыстан шығу жолдары да табылуы мүмкін деп үміттерін білдірген.
Айдос Әшімұлы, тілші:
Түркияда әлі күнге дейін газет-журналдардың таралымы да оқырманы да өте көп. Тиісінше ықпалы да үлкен. Өздеріңіз көріп тұрғандай түркиялық белді мерзімді баспасөздің барлығы дерлік бас мақалаларын Түркия президентінің Қазақстанға сапарына арнаған. Мақалаларда бұл сапардың мән-мазмұны жоғары екенін жазады.
Мәселен 10 млннан аса таралымы бар «Өнже Ватан» газеті «Астанадан сүйінші хабар келе ме?» деп бастаған мақаланы. Автор Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары саммитінде әлемдік геосаясатты тұрақтандыру қадамдары жасалады дейді. Қазақстан мен Түркия қарым-қатынасы туралы қалам тербеп жүрген газет шолушысы Кемал Саллы бұл сапар бауырлас екі ел қарым-қатынасының жаңа белесі екенін айтады.
Кемал Саллы, «Önсе vatan» газетінің саяси шолушысы:
Астана қашанда бейбіт келісімдер жасалып жүрген, әлемге әрдайым бірлікті насихаттап жүрген қала. Сондықтан бүгінгі саммиттен де Ресей мен Украина арасындағы қақтығысты тоқтатуға қатысты келіссөздер туралы жақсы жаңалық күтіп отырмыз. Қазақстан мен Түркия бұл бейбіт келісімге үлес қосуға лайықты елдер. Ердоғанның бұл сапары екі ел арасындағы байланысты тереңдетуге зор ықпал етері сөзсіз.
Телеарналардың да жаңалықтары Ердоған сапарын жан-жақты талқылап жатыр. Президенттердің кездесуін барлық каналдар тікелей эфирде көрсетті. Әсіресе Ердоған мен Путиннің кездесуі туралы пікір көп. Сарапшылар әлемді алаңдатқан Ресей мен Украина қақтығысын тоқтатуға қатысты оң шешім осы Астанада қабылдана ма деген үміт білдіріп отыр. Ал Түркияның ең ірі ақпарат агенттігі «Анадолы» өте маңызды 6 келісімге қол қойылғанын жазса, «Хабер7» ақпараттық порталы Ердоғанның «Достық» орденін алу мен үшін ең жағымды тосын сый болды»,- деген сөзін келтірген. Түркиядағы алпауыт медиқұрылымдардан бастап, қарапайым интернет қолданушыларына дейін Режеп Тайип Ердоғанның Қазақстанға сапары тек екі елдің байланысын нығайтып қана қоймай, әлемдік мәселелерді шешуге де ықпал етеді деген сенімде.
Айдос Әшімұлы