Алматылық тұрғындар төте жолдың жабылғанына наразы - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматылық тұрғындар төте жолдың жабылғанына наразы

10.10.2022

Алматы облысында 1000-нан астам оқушы мектепке жету үшін бірнеше сағат кептелісте тұрады. Өйткені білім ошағына апаратын 3 бірдей төте жолды жауып тастаған. Бесағаш ауылдық округінің тұрғындары арнамызға хабарласып, осындай шағымын айтты. Жекенің меншігіне өтіп кеткен көшелерді иелері кірпішпен қоршап, өздері ғана кіріп шығу үшін қақпалар орнатып тастаған. Жалпыға ортақ жолдар қашан және қалай сатылып кетті? 

Ашынған ата-аналардың балалары қаладағы Думан ықшам ауданына қатынап оқиды. Елдімекен мен шаһар арасын небары 3 шақырым бөліп тұр. Десе де, ұл-қыздарын білім ошағына жеткізу үшін сағаттап кептелісте тұрамыз дейді, олар. Өйткені, төте жолдар жабық.

Жұрт даулаған мына Қасым Қайсенов атындағы көшенің қақ ортасына үй салып, екі көрші өзара оқшауланып алған. Меншік иелерінің айтуынша, учаскені заңды түрде иемденген.

Амантай Рақым, жер учаскесінің иесі:
Заң жүзінде бұл жерде жол жоқ, ол соттың үкімімен шығарылған. Бас жоспарды қарап едім, бұл жерде жол жоқ. Жол мына мешіттің аумағында. Бұл жерді даулаудың қажет жоқ.

Ауылдық округ әкімдігі бұл көше орналасқан аумақ кезінде ауыл шаруашылығы мақсатында қолданысқа берілгенін айтты.

Әлібек Рамазанов, Бесағаш ауылдық округі әкімінің орынбасары:
Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерде арнайы өткел бекітіледі. Бұл көше кезінде өткел қызметін атқарған. Енді иелері келіп қоршап алып жатыр. Біз учаскені мемлекетке қайтару үшін сотқа жүгіндік. Бірақ жеңіліп қалдық.

Бұдан бөлек ауылдық округті Думан ықшам ауданымен байланыстыратын тағы төте жол бар. Бүгінде ол да жабық тұр.

Айбек Бидаев, Талғар ауданы әкімінің орынбасары:
Бас жоспарды әкеліп тұрмын қазір. Мына жолды ашуымыз керек біз. Заңсыз жауып алған. Қазір жұмысты жалғастырып, арнайы комиссия құрылып үлкен жұмыс жүргізіледі. Жолды жауып тастаған кім екенін білмеймін. Өйткені үйлерінде ешкім жоқ. Үйі жабық.

Аудан әкімдігі алдағы бір айда жол толық ашылып, халық емін-еркін қатынайды деп сендірді. Сондай-ақ оқушыларды мектепке таситын автобустар да қарастырылып жатыр. Қазір тендерге байқау жарияланған. Бірақ, тасымалдаушы компания табылмай отырған көрінеді.

Нұрсұлтан Тілектес

Хабарламаларға жазылу