2025 жылға дейін Абай облысында 11 мектеп салынады – облыс әкімі - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

2025 жылға дейін Абай облысында 11 мектеп салынады – облыс әкімі

10.10.2022

«Соңғы жылдары Абай өңірінің экономикалық көрсеткіштері біршама жақсарды. Былтыр облыстағы өнеркәсіп өндірісінің көлемі 750 миллиард теңгеге жуықтаған. Дегенмен өңірде жылдар бойы шешімін таппай келе жатқан өзекті мәселелер де жетерлік. Бүгінде Семей қаласының инфрақұрылымы әбден тозған. Жылу мәселесі өте өзекті. Білім, ауыл шарушылығы салаларында да проблема бар. Өңірдің әлеуетін жақсарту үшін Мемлекет басшысы облыс әкімдігіне нақты тапсырма берді. Қордаланған мәселелерді шешу жолдары қандай? Қазір бізбен Абай облсының әкімі Нұрлан Уранхаев байланысқа шақты.

Нұрлан Тельманұлы, кеш жарық! Президент Семейге сапарында Үкіметпен бірлесіп, облыс әкімдігіне жылу электр орталығын салу бойынша тапсырма берді. Орталықтың құрлысы қашан басталады?

Нұрлан Уранхаев, облыс әкімі:

Жақында бізге «Самұрық Энерго» акционерлік қоғамынан жұмыс тобы келіп, Абай облысы әкімдігінің сала басшыларымен кездесті. Аталған жұмыс тобы жылу электр орталығы салынатын жерді көріп, танысты. Алдағы уақытта бірлескен жұмыстар жүргізілетін болады. «Самұрық Энерго» акционерлік қоғамы біздегі жылу элекр орталығының техникалық экономикалық негіздемесін қайта жасайтын болады. Құрылыс жұмыстары 1-1,5 жыл ішінде басталады деп үміттенемін.

Өңірде 9 мыңдай балаға орын жетпейді. Келешекте 11 мектеп, 14 балабақша салынбақ екен. Бірақ, мұның өзі жеткіліксіз көрінеді. Мәселе қалай шешіледі?

Нұрлан Уранхаев, облыс әкімі:

Мектеп пен балабақша жетіспеушілігіне қатысты айтар болсақ, бізде 9 мыңға жуық балаға орын жетіспейді. 2025 жылға дейін Абай облысында 11 мектеп салынады. Ол 5 мыңнан аса оқушыны қамтиды. Қосымша 4 мың орынға оқу ғимаратын саламыз. Олардың жобалау сметалық құжаты дайындалып жатыр.

Семейдегі Ертіс арқылы өтетін екі көпірдің де жағдайы мәз емес. Бірі апаттық жағдайда, ал аспалы көпір қараусыз қалған. Қашан жөнделеді?

Нұрлан Уранхаев, облыс әкімі:

Семейдің автокөлік көпірі 1964 жылы салынған. Жүргізілген техникалық сараптама нәтижесі бойынша ол күрделі жөндеуден өткізуге жарамайды.Сондықтан қазір оның жанынан жаңа көпір салуды бастадық. Ал ескі көпірмен жаяу жүргіншілер өтетін болады.

Аспалы көпірге келсек, оның конструкциясы бірегей, ерекше. Биыл жапондық мамандар келіп көпір жағдайымен танысты. Енді келесі жылы Президент тапсырмасына сәйкес қаражат бөлінген соң қажетті жөндеу жұмыстары жүргізіледі.

Ержан Жақып


Хабарламаларға жазылу