Шығыс Қазақстан облысында 2000 гектар жер жанып кетті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Шығыс Қазақстан облысында 2000 гектар жер жанып кетті

10.10.2022

Шығыс Қазақстан облысында өрттің қаупі сейіле бастады. Алапат өрт Зайсан, Алтай, Ұлан және Күршім аудандарының аумағында болды. Тілсіз жаудың кесірінен екі мың гектар жер жанып кетті. Бір тәуліктің ішінде өңірідегі өрт сөндірушілер 60-қа жуық шақырту алған. Төтенше жағдайлар қызметінің мәліметі бойынша негізінен жазық даладағы қураған шөп өртенген. Кеше шығыста дауыл соқты. Кейбір аудандарда желдің жылдамдығы секундына 20-25 метрге дейін жетті. Бұл жалынның өршуіне әсер етіп, тіпті кейбір аумақтарда ырық бермей кеткен. Дегенмен жұмыла әрекет еткеннің нәтижесінде өрттің біраз аумағы сөндірілді. Жалынды ауыздықтауға 120 техника мен 800-ге жуық адам жұмылдырылды. Тек өрт сөндірушілер емес орман шаруашылығы мамандары және Қорғаныс министрлігінің сарбаздары да көмектесті. МИ-8 тікұшағы да тартылды. Қазір, жекеленген өрт ошақтары қалды. Күршім ауданындағы орман шаруашылығында жалын әлі басылған жоқ.

Жадыра Аманғалиқызы, Облыстық ТЖД басaпасөз қызметінің бас маманы:
Күршім ауданындағы өрттің аумағы қазір анықталу үстінде. Себебі ол жерде әлі жұмыстар жүргізіліп жатыр. Ол әлі де нақтыланып хабарланатын болады. Бұл ретте айта кететін жағдай өрттің басты себебі осы тұрғындардың көпшілігінің жауапсыздығынан туындап отыр.

Олжас Керейхан

Хабарламаларға жазылу