Алдымен авиациядағы мәселелерге тоқталсақ. Қазақстанда ұшақ билеттері бір жылда 27 пайызға қымбаттаған. Мұндай деректі «Finprom.kz» зерттеу орталығы келтіріп отыр. Әсіресе, халықаралық рейстердің құны артқан. Оған доллар мен еуроның көтерілуі және Украинаны айналып ұшу сынды факторлар әсер етіпті. Ал ішкі рейстердің бағасы неге өсті? Билет қымбаттады, қызмет сапасы артты ма? Керісінше, соңғы кезде ұшақтардың кешігіп ұшуы жиілеген. Оған не себеп?
Биыл ұшақ билеттеріне сұраныс артқан. Жыл басынан шілдеге дейін әуе көлігімен 6 млндай адам тасымалданған. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырсақ, 13 пайызға көп. Тиісінше, билет те қымбаттаған.
Билет бағасы өссе де, қызмет сапасы сын көтермей тұр,- дейді жолаушылар. Соңғы уақытта ұшақтардың кешігіп ұшуы да көбейген. Жазда осыған байланысты ай сайын жүздеген шағым түскен. Ал, былтыр 12 мыңдай рейс кешіккен. Оның 900-не ғана ауа райы себеп. «SCAT» пен «Qazaq Air» компанияларының әрбір 4-рейсі уақытында ұшпаған. Заң бойынша ұшақ екі сағат кешіксе жолаушылар салқын сумен, төрт сағат тежелсе ыстық тамақпен, күндіз сегіз, түнде алты сағат кешіксе қонақ үймен қамтылуы тиіс. Бірақ, бізде бұл талаптар орындала бермейді.
Ал Азаматтық авиация комитетінің өкілі «Міндетін дұрыс атқармаған компанияларға айыппұл салып жатырмыз» дейді.
Әділет Көбенов, ҚР азаматтық авиация комитетінің басқарма басшысы:
Жалпы, 8 айыппұл Қазақстандық компанияларға салынды. Әр айыппұлдың көлемі 1000 айлық есептік көрсеткіш болып тұр.
Осы салада 15 жылдық тәжірибесі бар сарапшы Абыл Кекілбаев айыппұл көлемін арттыру керек деген пікірде. Халықаралық азаматтық авиация ұйымында жұмыс істеген ол шет елдерді де мысалға келтірді.
Абыл Кекілбаев, авиация сарапшысы:
Өзіңіз естігендей 3-ақ млн төлейді кешіккен авиакомпания. Оларға рейстің кешіккен қонақ үйі бар жолын бәрін жабу үшін одан көп ақша кетеді. Осы мәселені агенттік тексеруі керек. Еуропа елдерінде мысалы үшін уақытылы айтылмаған кешігуге түгел жаңағы билеттің құнын қайтарады. Біздікілер тек қана билеттің 3 пайызын ғана қайтарып беру қарастырылған.
Ұшақтардың неге жиі кешігетінін сұрап, Scat пен Air Astana-ға сауал жолдадық. Бірақ, Air Astana ғана жауап берді.
Тілек Әбдірахимов, «Air astana» компаниясының ресми өкілі:
Қазақстанның кейбір әуежайларында ұшу қону жолақтарының ремонтқа жабылуы. Құстар мен ұшақтардың соқтығысу санының өсуіне байланысты. Осы жылдың басынан 120 оқиға тіркелген. Яғни, өткен жылмен салыстырғанда 30 пайызға ұлғайды.
Ұшақтардың кешігуіне құстардың соқтығысуы себеп деген компания өкілі бағаның өсуіне не себеп екенін нақты айта алмады.
Тілек Әбдірахимов, «Air astana» компаниясының ресми өкілі:
Бұл туралы мен айта алмаймын енді. Билет бағасы мүмкін қымбаттаған шығар. Бұған әсер, доллардың өсуіне байланысты болуы мүмкін.
Экономикалық сарапшы Арман Бейсембаевтың сөзінше билеттің қымбат болу себебі саладағы монополиядан. Қазір елдегі әуе бағыттарының 70 пайызы Air Astana-ға, 15 пайызы Scat-қа, 15 пайызы басқа компанияларға тиесілі.
Арман Бейсембаев, экономика сарапшысы:
Түрлі әдіс арқылы соңғы 10 жылда шет елдік тасымалдаушылардың бәрін шығарып жібердік. Соның кесірінен қазір бәсеке жоқ. Тіпті, лоукостер саналатын «Флай арыстанның» бағасы басқа ұшақтармен бірдей боп кетеді. Неге десеңіз, кейбір қалаларға тек «Флай арыстан» ұшады. Мұндай кезде оны лоукостер деп атаудың өзі күлкілі.
2019 жылғы «Бэк эйр» ұшағының апатынан кейін «Қазақстанның авиациялық әкімшілігі» әуекомпанияларына аудит жүргізген. Сарапшылар Air Astana ұшақтарының «орта жасы» 5 жыл, Scat ұшақтарының «орта жасы» 21 жыл екенін анықтаған. Демек, ұшақтарды жаңарту да керек.
Әділет Көбенов, ҚР Азаматтық авиация комитетінің басқарма басшысы:
Шілдеден бастап Қазақстан әуе компаниялары 14 әуе кемесін алуды жоспарлаған. Қазіргі таңда ол 14-тің 6 әуе кемесі келген. Жылдың аяғына дейін тағы 8 әуе кемесі келу керек. Соның нәтижесі бойынша жылдың аяғында Қазақстандық әуе кемелерінің тасымалдау мүмкіндігі 20 пайызға артатын болады.
Бірақ, одан баға түсе ме? Бұл сұраққа азаматтық авиация комитетінің өкілі жауап бере алмады. Өйткені, бұл нарықты ешқандай мемлекеттік орган бақылай алмайды.
Абыл Кекілбаев, авиация сарапшысы:
Бізде мысалы үшін аэропорттардың тарифін қатаң бақылап отырса, авиакомпаниялардың тарифтерін ешкім бақыламайды. Заң жазғанда осындай жағдайлар өтіп кеткен секілді. Аэропорттар авиакомпанияларға бағынышты. Инфрақұрылымдық жағдайға қарасақ, өте көп сұрақтар бар. Мысалы мына впп жағдайы. Впп-лардың көбісі 2006-2007 жылдары салынған. Қайтадан ремонттан өтуі керек.
Демек, әуежайларды жөндеуге кеткен шығын да бағаның өсуіне себеп болуы мүмкін. Бірақ, индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі 2030 жылға дейін 80 жаңа ұшақ алуды жоспарлап отырмыз,- деген. Мүмкін сонда баға түсер. Бірақ, әуе компаниялары ұшақ сатып алуға мемлекеттен көмек берілмейтінін де еске салды.
Арман Бейсембаев, экономика сарапшысы:
Эйр Астана ешқандай мемлекеттік қолдау жоқ дейді. Иә, тікелей қаржы бөлінбейді. Бірақ, олар ұшақ отынын жеңілдетілген бағамен алады. Және оны әуежай қоймасында өздері қалаған бағада сақтайды. Одан бөлек кейбір әлеуметтік бағыттарға субсидия алады.
Айта кетейік, биыл Балқаш, Үшарал, Үржар, Көкшетау сынды 20 бағыттағы ұшақ билеттерінің бағасын субсидиялау үшін мемлекеттен 6 млрд теңге бөлінген.
Амангелді Сейтхан, Апта