Алдағы Президент сайлауында кандидат Қасым-Жомарт Тоқаевты қолдау жөніндегі халықтық коалиция құрылады. Себебі, бірқатар партиялар мен саяси бірлестіктер саяси науқанға Мемлекет басшысының кандидатурасын ұсынып отыр. Бұл туралы бүгін «Amanat» партиясының кезектен тыс XXIV-съезінде саяси ұйымның төрағасы Ерлан Қошанов мәлімдеді. Құрылтайда партия Президенттікке үміткер ретінде Қасым-Жомарт Тоқаевты ұсынған болатын.
Бүгінгі реформалардың басты мақсаты - әділеттілік, теңдік, бірлік қағидаттары. Съезде партия төрағасы Ерлан Қошанов осылай деді. Кейінгі жылдар қазақ елі үшін де оңай болмады. Дегенмен, сындарлы саясат пен батыл қадам кедергілерді еңсеруге мүмкіндік берді. Ынтымақты ту еткен халқымыз татулық мен тұтастықты сақтаудың үлгісін көрсетті. Партия төрағасы референдум мен конституциялық өзгерістерден кейін тәуелсіз Қазақстанның жаңа саяси дәуірі басталды деді.
Ерлан Қошанов, «Amanat» партиясының төрағасы, ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы:
Әлемдегі алмағайып уақытта бізге ең әуелі мемлекеттік жауапкершілікті терең сезінетін тегеурінді тұлға керек. Ауқымды өзгерістер өзінің заңды жалғасын табуы тиіс. Ал мемлекет алдында тұрған ұлы мақсат-мұраттарға қол жеткізу үшін бізге лайықты көшбасшы керек. Сондықтан, Президенттікке үміткер ретінде Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевты ұсынамын.
Құрылтайда 7 адам жарыссөзге шығып, барлығы алдағы саяси науқанда Қасым-Жомарт Тоқаевтың кандидатурасын құптады. Партияластарын да қолдауға шақырды. Бұл ретте халықтық коалиция да белсенділік танытады.
Айдос Сарым, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
Бүгін басталып жатқан экономикалық, әлеуметтік, саяси реформалар түбегейлі түрде жүзеге асуы керек. Ол тұрғыда біз өзіміздің кандидатты ұсынудың орнына қазіргі Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевты ұсынып, соны қолдауға әзір екенімізді жариялап отыр.
Қазір қоғам Президенттің саяси бағытын қолдап отыр, - дейді съезге жиналғандар. Мемлекет басшысының ауқымды реформалары мен ұтымды шешімдері кемел келешекті меңзейді. Халық мүддесін қорғайды. Мәселен, жаңа Абай, Ұлытау, Жетісу облыстарын құру, жерді шетелдіктерге сатуға тыйым салу, әйелдердің зейнетке шығуын 61 жас деңгейінде бекіту сынды нақты шешімдер қоғамның Президентке деген сенімін еселеп отыр. Арыстағы жарылыс, Мақтаралдағы топан су, Қостанайдағы алапат өрт бірлікті тағы бір сынады. Қаңтар оқиғасы тәрізді ел басына күн туған сәтте Мемлекет басшысы халықпен бірге болды.
Жұлдыз Сүлейменова, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
Мемлекет басшысының халықтың әл-ауқатын көтеру, сонымен бірге жұмыссыз, білімсіз жастарды жұмыспен қамту, олардың бос уақытын тиімді ұйымдастыруға байланысты үлкен трансформацияларды өткерді. «Amanat» партиясы өзінің трансформациясын жалпы Қазақстан халқының болашағымен байланыстырады.
Дәрия Қожамжарова, Шымкент қалалық мәслихатының депутаты:
Әділетті Қазақстанды жаңаша құру кезеңінде міндетті түрде сапалы білім алып отырған жас ұрпақтың керек екендігіне ден қойып отырмыз. Олай болса біз бүгін дұрыс таңдау жасауға тиістіміз. Сол таңдауды жасауды қолдаймыз.
Жаңа саяси тұғырнама
Съезде «Amanat»-тың 2030 жылға дейінгі бағдарламасы күшін жойды. Арнайы қаулы қабылданды. Ал қабылданған жаңа құжаттың басты қағидасы – адам, қоғам және мемлекет. Ондағы қағидаттар Президент бастамаларымен үндес әрі сабақтастас болып жатыр. Құжаттың бекітілуімен «Amanat»-ты трансформациялау аяқталды.
Съезге еліміздің әр өңірінен 700 делегат келді. Жиынға 1200-ден астам адам қатысты. Барлығының мақсаты бір, мүддесі ортақ. Ойлары бір арнада тоғысқандар Президент Қасым-Жомарт Тоқаевты қолдау жөніндегі коалицияны бірауыздан құптап отыр.
Дарын Сағитов