Алматы облысы Жібек жолы ауылы тұрғындарының талабы орындалды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматы облысы Жібек жолы ауылы тұрғындарының талабы орындалды

05.10.2022

«Жолды ашып бермесе балаларымызды мектепке жібермейміз» деген Алматы облысы Жібек жолы ауылы тұрғындарының талабы орындалды.

Еске саламыз кеше арнамызға хабарласып елдімекен халқы жекенің қолына өтіп кеткен жалпыға ортақ көшені ашып беруін өтінген еді. Жаңадан салынған 50 үйді ауылға жалғайтын жол ораналасқан аумақ, сонау 1998 жылы ауыл шаруашылық бағытында пайдалануға беріліп, артынан сатылып кеткен. Бүгінге дейін бірнеше рет иесі ауысқан участке/ ауылдың бас жоспары жасалғанда көше болып бекіген. Осыдан бес ай бұрын меншік иесі жолды қоршап тастаған. Салдарынан тұрғындар, әсіресе оқушылар зардап шеккен. Өйткені ол мектепке апаратын төте жол болған. Оқу жылы басталғалы балалар үй-үйлердің аулаларымен немесе 4 шақырымдық айналма жолмен сабаққа қатынаған. Бүгін мәселеге аудан басшылары араласып, участке иесіне басқа аумақтан жер телімі берілетін болды.

Дулат Сансызбаев, Қарасай ауданы әкімінің орынбасары:

Бұл кісілермен кешелі бері медиация тәртібімен сотқа дейінгі алдын ала жұмыстар жүргізіліп, басқа жер телімін ұсынып отырмыз. Егер шешілмеген жағдайда бұны біз сотқа береміз округ тарапынан.

Бақыт Жиенбаева, ауыл тұрғыны:

Бармаған жеріміз, баспаған тауымыз қалмады. Осы жолдың ашылғанына өте қуаныштымыз. Қазақстан арнасының балаларына алғысымызды айтамыз. Жұмыстарыңыз өнсін. Осылайша қарапайым халықтың мұң-мұқтажын тыңдап, арманын жүзеге асырып жүрген сіздерге мыңда бір алғыс.

Нұрсұлтан Тілектес 

Хабарламаларға жазылу