Украина армиясы Херсон облысында бірнеше ауылды азат етті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Украина армиясы Херсон облысында бірнеше ауылды азат етті

04.10.2022

Украина армиясы елдің оңтүстігіндегі Херсон облысында Ресей әскерінің шептерін бұзып бірнеше ауылды азат етті. Мұны ресми Киевпен бірге Мәскеу де растап отыр. Қайтарылған территориялардың ішінде Миролюбовка деревнясы мен Дудчаны қалашығы бар.

Кейбір сарапшылардың пікірінше, Украина күштері қарымта шабуылды үдете беретін болса, алдағы күндері Днепр өзенінің батыс жағалауына шоғырланған ресейлік 25 мың әскерді құрал-жабдық таситын жолдан ғана емес, қорғану мүмкіндігінен де айырады.

Сонымен қатар, Украина әскері шығыс майданда да басымдық танытып, Луганск облысындағы стратегиялық маңызы зор Сватово қаласына қарай жылжып барады. Және де украин сарбаздары солтүстік-шығыстағы Харьков аймағындағы Боровая, Шийковка ауылдарын да ресейліктерден босатқан.

Осындай шақта Ресейдің Украинамен шекаралас Батыс әскери округінің қолбасшысы қызметінен аластатылып отыр.

Арыстан Рысбек


Хабарламаларға жазылу