Владимир Зеленский Украинаны жедел түрде НАТО-ға қабылдау туралы өтінішке қол қойды. Дегенмен, Солтүстік атлантикалық одақ жетекшілігі де, АҚШ әкімшілігі де бұл арызды әлі қабылдамады. НАТО-ға мүше болу үшін оған кіретін 30 елдің қолдауы қажет.
Ал жұма күні Кремль Украинаның 4 аймағы Ресейге қосылды деп жариялады. Владимир Путин Донецк, Луганск, Херсон және Запорожье облыстарын Ресейге қосу туралы келісімдерге қол қойды. Алайда ресми Киев те, Батыс та бұл референдумдарды жалған әрі заңсыз деп, олардың қорытындысын мойындамады.
Қазақстан әзірге бұған қатысты ресми мәлімдеме жасамады. Бірақ, бұған дейін президент те, СІМ де Қазақстан БҰҰ-ның Жарғысына негізделген халықаралық құқық қағидаттарына сүйенетінін жеткізген еді.
Ал Мәскеу мобилизация жариялағалы Ресейден үдере көшкен халық жайлы өткен эфирімізде де айттық. Әзірге Ресей елден нақты қанша азамат кеткенін жарияламай отыр. Сондықтан әлемдік БАҚ өзге елдердің статистикасына сүйеніп жатыр. Мысалы, CNN «Путин мобилизация жариялағалы Ресейден 200 мыңнан астам адам кеткен» деп мақала шығарған. Соның жартысы (100 мыңға жуық) Қазақстанға келді. Оны еліміздің ІІМ растап отыр. Ал Грузия ІІМ оларға 53 мың ресейлік келгенін мәлімдеді.
Күн сайын Грузия шекарасынан 10 мың Ресей азаматы өтеді екен. Бұл қыркүйектің 21-не дейінгі жағдайдан 40-45 процентке көп. Ресеймен шекаралас Финляндияға кемі 37 мың адам кірген.
Әлемнің бұл жағдайға қатысты ұстанымын білу үшін Бельгиядағы және Түркиядағы тілшілерімізбен хабарласқан едік. Әріптестерім Нұрсұлу Қасым мен Айдос Әшімұлы байланыста. Кеш жарық. Нұрсұлу, сөз кезегін алдымен сізге берейік. Еуропа Ресей азаматтарын қалай қабылдап жатыр? Ортақ мәмілеге келді ме?
Нұрсұлу Қасым, тілші:
Еуропалық Одақ мобилизациядан қашқан Ресей азаматтарын қабылдауға қатысты әлі ортақ мәмілеге келе алмай отыр. Әзірге, Германия мен Нидерланд үкіметі ғана ресми түрде Украинаға соғысқа барудан бас тартқан ресейліктерге саяси баспана беруге дайын екенін мәлімдеді. Еуропалық Одақтың сыртқы шекара қауіпсіздігі жөніндегі «Фронтекс» агенттігінің мәліметінше мобилизация жарияланғаннан бері ЕуроОдаққа 66 мыңнан астам ресейлік кірген. Финляндия мен Эстонияға автобуспен, пойызбен, жеңіл көлікпен жеткендер әрі қарай қарт құрлықтың өзге елдеріне кеткен. Дегенмен, Финляндия осы жұмадан бастап Ресеймен шекарасын жапты. Туристік Шенген визасы бар ресейліктер енді кіргізілмейді. Елдің шекара қызметі Ресеймен шекарадағы маңызды бекеттерге берік қамал орнату қажеттігін айтып отыр. Жалпы, ЕуроОдақтың тоғыз мемлекеті Латвия, Литва, Эстония, Польша, Чехия, Словакия, Дания, Бельгия, Нидерланд қыркүйектің ортасынан бастап Ресей азаматтарына туристік виза беруді тоқтатқан болатын. Еурокомиссия өзге елдерге де виза рәсімдеуде мұқият болуға кеңес беруде.
Илва Йоханссон, Ішкі істер жөніндегі еурокомиссар:
Қауіпсіздікке қатер төніп тұр. Сондықтан, Еуропалық Одақ өзін және өз азаматтарын қорғауға барын салады. Ресей азаматтарына қысқа мерзімге виза рәсімдеуде қатаң ереже бекітіп, ЕуроОдақтың сыртқы шекарасында сақ болу үшін біз ортақ тәсіл қарастырып жатырмыз. Дегенмен, Еуропа қолдауға, қорғауға зәру ресейліктерге есігін жаппайды.
Еуропалық Одақ 12 қыркүйектен бастап Ресеймен жеңілдетілген виза рәсімдеу туралы келісімді тоқтатты. Тиісінше, виза құны 35 тен 80 еуроға қымбаттап, виза рәсімдеу уақыты 45 күнге ұзартылды.
Нұрсұлу Қасым, тілші:
Ресейдің өткізіп жатқан референдумына жауап ретінде Мәскеуге қарсы әзірленген сегізінші санкциялар пакеті негізінен саудаға әсер етеді. Еуропалық комиссияның төрағасы Урсула Фон Дер Ляйен Ресей тауарларын сатып алуға тиым салынатынын айтты. Яғни, ел экономикасы 7 млрд еуродан қағылады. Мұнан бөлек ЕуроОдақ Ресейдің әскери машинасына, авиация саласына қажетті технологиялар мен химиялық заттарды тасымалдауды тоқтатпақ. Қара тізімге қосымша тағы 1300 адам енгізілді. Сондай ақ, Еуропалық Одақ азаматтарына Ресей мемлекеттік корпорацияларының директорлар Кеңесінде қызмет атқаруға тиым салынады. Сегізінші пакет 6-7 қазанда өтетін Еуропалық кеңестің отырысында қабылданады деп күтілуде,
Альбина Әшім