Абай облысында заңғар жазушы - Мұхтар Әуезовтың туғанына 125 жыл толуына орай шаралар өтіп жатыр. Мерейтой кемеңгердің туған жері Абай ауданында жалғасын тапты.
80 жастағы Манатай Балтақайұлы, бала кезінде Мұхтар Әуезовтың қолында тұрып, тәрбиесін көрген. Айтуынша, жазушы оның зеректігін бағалап, жастайынан бауырына басқан. Кемеңгердің бойға сіңірген білімі мен тәрбиесі, өмір бойына азық болды, - дейді ақсақал.
Манатай Балтақайұлы, Қарауыл ауылының тұрғыны:
1,2 сыныпты сонда оқып бітірдім. Әкелік мейрімін көрдім. Ыстық алақанын көрдім. Ең аяғы анау, қалай отыру, қалай тұру, қалай жүріп тұру бәрін үйретті.
Жазушының мерейтойы оның туған жері Бөрліден бастау алды. Тойға жиналған қауым Әуезовтың музей үйін тамашалады. Бұл күні кемеңгердің шығармасына арқау болған қос ғашық Еңлік пен Кебекке арналған кесене жаңартылып қайта ашылды. Рушылдықтың құрбаны болған қос ғашыққа арнап ескерткіш қойылды.
Мағжан Исабаев, М.Әуезов музей үйінің директоры:
Әуезов тойы, бұл халықты кемелдікке жеткізетін үлкен той болуы керек. Насихатталуы керек білім, ілімі. Мән-мағынасы, қазіргі жастарға деген үлкен руханият. Қазіргі ұрпақтар да осы ұлыларымыздың шығармаларын, мұраларын айшықтап көз қарашығындай сақтап, соның зерттелуіне үлес қосады деген үміттеміз.
Мерейтой аясында Қарауыл ауылының кіре берісінде Кеңгірбай бидің еңселі ескерткіші қойылды. Сондай-ақ, Абай Құнанбайұлы мүсінінің салтанатты ашылуы болды. Мұхтар Әуезовтың 125 жылдық мерейтойы ақындар мүшайрасы, ұлттық және спорттық ойындармен жалғасын табады.
Ержан Жақып