Жетісу облысы құрылғалы өңірдің кәсіпкерлері бір алаңда бас қосты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жетісу облысы құрылғалы өңірдің кәсіпкерлері бір алаңда бас қосты

29.09.2022

Жетісу облысы құрылғалы өңірдің кәсіпкерлері бір алаңда алғаш рет бас қосты. Мақсат - Президент Жолдауында айтылған шағын және орта бизнесті дамытуға байланысты жүзеге асырылатын міндеттерді бірлесе талқылау. Жергілікті билікке қордаланған мәселелерді ашық айтып, ары қарай жұмыс істеуге қолайлы жағдай туғызу. Аймақта 46 мыңға жуық шағын бизнес субъектісі тіркелген.

Кәсіпкер Нағима Ермұрзанова Алакөлден арнайы келді. Тігін цехын ашқан іскер әйел кәсібін дамытып, кеңейтуге ниетті. Алайда қосымша қаржы мен ғимарат қажет. 20 адамды жұмыспен қамтып отырған ол шалғай ауданда бизнесті қолдайтын тетіктер мүлде жоқтың қасы дейді

Нағима Ермұрзанова, кәсіпкер:

Қаржылық мәселесі ең бірінші қиындық туғызып отырған. Өндірісті кеңейту мақсатында қиындатып отырған қаржылық мәселесі. Содан кейін здание. Сол туралы келдім. Келген екі сұрағыма да қанағаттанарлық жауап алдым.

Осылайша мәселесін айтуға 100-ге жуық кәсіпкер жиналды. Арасында ірі салық төлеуші кәсіпорын басшылары да бар. Мәселен Қайнар аккумулятор зауытына қатысты құзырлы органдар бірнеше рет іс қозғап, қайта тоқтатқан. Салдарынан жұмыс қарқыны бәсеңдеп, жоспарланған өнім көлеміне кері әсері тиген. Прокуратура араласқан соң тергеп-тексеру тоқтады. Президент тапсырмасына сәйкес бүгінде өңірдегі бизнесті дамытудың бес бағыты белгіленді.

Диас Серіков Облыстық кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасының басшысы:

Бірінші бағыт ауылшаруашылығы, екінші бағыт тау-кен өнеркәсібі, үшінші көліктік-логистикалық бағыт, төртінші туризм және бесіншісі қайта қалпына келтірілетін энергия көздері. Бұл бағыттарды дамыту бойынша Жетісу облысының әлеуеті өте зор.

Облыстың бизнес қауымдастығы осы жобалар бойынша бірігіп жұмыс істейді. Ал олардың жергілікті билікпен арадағы мәселелері жылдам шешілуі үшін арнайы уәкіл тағайындалды.

Қуаныш Қанатұлы


Хабарламаларға жазылу