Ақтөбеде 42 балаға тұмауға қарсы екпенің орнына өзге вакцина салынған - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақтөбеде 42 балаға тұмауға қарсы екпенің орнына өзге вакцина салынған

27.09.2022

Ақтөбе маңындағы Рауан елдімекенінде мектептен шу шықты. Бірінші сыныпта оқитын 42 балаға тұмауға қарсы екпенің орнына өзге вакцина салынған. Дәрігерлер қателігінің зардабын балғындар тартып отыр. Оқушылардың қолдары ісіп, іріңдеп кеткен. Бірнеше бала қызуы көтеріліп ауырып қалған. Ата-аналар да алаңдап отыр.

Екпе екі апта бұрын салынған. Содан бері балалардың барлығында дерлік кері әсері байқала бастапты. Тіпті, кейбірінің қолы іріңдеп, білегін көтере алмай қалғандары да бар. Ең сорақысы, ақ халаттылар өз қателігін жасыруға тырысып келген.

Самат Өскенбаев, ата-ана:

Балалардың барлығының қолдары іріңдеп, іріп кеткен. Қаншасында температура көтерілді. «Медикус» та контроль жасамаған. Бас тартқанның өзінде қызыма, немереме екпе салып кетіпті. Сондай жағдайлар бар. Оны тексеру керек, кім кінәлі екенін, мен сол адамды тапқым келеді.

Ашулы ата-аналар мектеп басшылығы мен дәрігерлерден жағдайды түсіндіруді талап етті. Олар туберкулезге қарсы вакцина 6-7 жасар балғындардың ағзасына кері әсер ете ме деп алаңдайды. Тіпті өкпе құрты ауруына ұшыратуы немесе болашақта бедеулікке әкелуі кәдік деп қорқып отыр.

Шынар Бекболатқызы, ата-ана:

Ауырып жатқан 3 баланың қызуы түспей жатыр. Балаларымыздың денсаулығы үшін қай жерге апарады, шет елге апара ма, астанаға апара ма, балаларымыздың денсаулығын қалыпқа келтіруді қолға алу керек!

Денсаулық сақтау басқармасының өкілдері балалардың туберкулезбен ауруы мүмкін емес деп нақты айта алмады. Демек, алаңдауға негіз бар. Жауапты азаматтар оқушылардың барлығы күнделікті дәрігерлік бақылауда болатынына сендірді.

Бақытжан Түлкібаева, Облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары:

Манту тек проба қойылатын. БЦЖ ол вакцина, оны шынына келгенде ауыстырмау керек. Бірақ сол егілетін жері ауысып кетіп тұр. Сондай жағымсыз жағдай орын алып тұр енді. Балдарда бір ақаулар туындаған жағдайда барлық диагностикалық зерттеулер «Медикус центр» орталығында жүргізіледі. Дәмеленіп тұрғанымыз – барлық 42 баланың бәрінде отбасыларында туберкулез ауруы жоқ.

Үлкен даудың ортасында қалған мектепке басқа дәрігерлер келген. Ата-аналар болса, балаларымыз толық медициналық тексерістен өткізілсін, бізге кепілдік керек деген талап қойып отыр.

Жақсыбек Кемал, тілші:

Қазір тексеріс жұмыстары басталды. Қателікке жол берген медицина қызметкерлері жұмыстарынан шеттетілген. Бұл жағдайды біз де бақылауда ұстайтын боламыз.

Жақсыбек Кемал

.


Хабарламаларға жазылу