Тарбағатай өңірінен жоғалған жылқылар Зайсан ауданынан табылып жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Тарбағатай өңірінен жоғалған жылқылар Зайсан ауданынан табылып жатыр

26.09.2022

Шығыс Қазақстандағы Тарбағатай өңірінен жоғалған үйір-үйір жылқы Зайсан ауданынан табылып жатыр. Мал иелері Айнабұлақ ауылында бірнеше мал бордақылайтын қора бар екенін айтады.

Сол қорада тұрған көп жылқының ішінен иелері өз малын тапқан. Жануарлардың көбісінің ен-таңбасы өзгертілген. Әйтсе де әркім өз жылқысын жазбай танып жатыр. Ал жылқысы жоғалған Зайсан, Тарбағатай ауданының тұрғындары соңғы үш тәулікте сол қораның маңын күзетіп жүр. Мал бордақылайтын үлкенді-кішілі бірнеше қораның нақты иелері кім екені әлі анықталған жоқ. Тұрғындар полиция қызметкерлерінің жайбасарлығына наразы. Жоғалған жылқының көбін иелері өздері анықтаған. Енді малын қайтарып ала алмай жүр.

Азамат Рахимов, Тарбағатай ауданының тұрғыны:

Былтыр он жеті басым жоғалған, Қазақстан ауылынан. Биыл міне 36 басым жоғалды. Зайсан ауылы маңынан таптым. Полиция департаментінен, жоғарғы жақтан министрліктен көмек сұраймын. Заңды түрде өз малымды адал қайтарып берулеріңізді сұрайман.

Тұрғындар құқық қорғаушылардан ешбір көмек болмай жатқанын айтады. Ал аудан мен облыс полицейлері бұл мәселе бойынша әзірше ешқандай ақпарат бермей отыр. Мал иелерінен де түсініктеме алмаған. Қамауда тұрған жылқылардың нақты иелерін анықтау бойынша тергеу-тексеру әлі басталмапты.

Олжас Керейхан


Хабарламаларға жазылу