Алматы облысы Қарасай ауданында жыршы, термеші және ақындарды даярлайтын мектеп ашылды. Облыстық Мәдениет басқармасының мұрындық болуымен қолға алынған тың жоба халық тарапынан үлкен қолдау тапты. Ең бастысы, мектепке алынатын балалардың санына шектеу қойылмаған.
Бұл мектептің ашылуын Қарасай ауданының тұрғындары көптен күтіп еді. Өйткені бұған дейін ауданда балаларға қазақтың ұлттық өнерін үйрететін жөні түзу үйірме болмаған.
Алмагүл Әбілова, тұрғын:
Қатты қуаныштымын. Өйткені жақын жерде өнер мектебі, ақындық орталығы жоқ еді. Соған қуынып баламды алып келдім ашылуына.
Қаскелең қаласында орналасқан мектепте 9 бен 17 жас аралығындағы ұл-қыздар жыршылықты, термешілік пен ақындық өнерін үйренеді.
Ал, белгілі ақын, жазушылар мектептің ашылуын жағымды жаңалық, дейді. Олардың сөзінше, қазақтың ұлттық салт-дәстүрін, өнерін өскелең ұрпақтың бойына сіңіру аға буынның басты миссиясы.
Әділбек Әбішев, Қазақстанның мәдениет қайраткері:
Сүйінбай, Жамбыл, Үмбетәлі, Есенқұл сынды алыптарды дүниеге әкелген осы қасиетті құт мекенде осындай ақындар мектебінің болуы заңды құбылыс. Бұл мектеп бізге үлкен тәрбие береді. Жас ұрпақтың тәрбиесі қалыптасады. Жас ұрпақтың отансүйгіштігі қалыптасады. Бізге керегі осы.
Бұл өңірдегі Мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының қолдауымен ашылған үшінші мектеп. Олардың шағын филиалдары ауылдық жерлерде де ашылып, балалар мен жасөспірімдерді қабылдай бастады.
Нұрсұлтан Тілектес