ШЫҰ отырысында қылмыстық активтерді қайтару мәселесі талқыланды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

ШЫҰ отырысында қылмыстық активтерді қайтару мәселесі талқыланды

23.09.2022

Шанхай ынтымақтастық ұйымы – трансұлттық қылмысқа қарсы күреске бағытталған шараларды талқылауда беделді сарапталмалық алаңға айналды. Астанада өткен ұйымға мүше мемлекеттер Бас прокурорларының отырысында Бас Прокурор Берік Асылов осылай деді. Басқосуда Мемлекет басшысының Көмекшісі – Қауіпсіздік Кеңесінің хатшысы Ғизат Нұрдәулетов Президенттің құттықтау сөзін оқып берді. 20-шы мерейтойлық басқосуға жиналғандар қылмыстық активтерді қайтаруға қатысты тәжірибе алмасты. Шанхай ынтымақтастық ұйымының Бас хатшысы Чжан Мин бейнебайланыс арқылы қазіргі сын-қатерлерді ескере отырып, қадағалау органдарының арасындағы ынтымақтың маңызын атап өтті. Іс-шара аясында ұрланған активтерді қайтару бойынша одан әрі өзара іс-қимыл жасау және озық тәжірибемен алмасу жөніндегі басым міндеттерді айқындайтын хаттамаға қол қойылды.

Берік Асылов, ҚР Бас прокуроры:

Шанхай Ынтымақтастық Ұйымы 20 жылдан бері беделді сараптамалық платформа мәртебесін лайықты деңгейде сақтап келеді. Бұған Халықаралық ұйымның жұмысына қатысушылардың географиясы жылдан жылға кеңейіп келе жатқаны дәлел бола алады. Ал бүгінгі алқалы жиынның Қазақстан жерінде өткізілуі біз үшін үлкен мәртебе. Өзара сенімге, тең құқылы және ашық диалогқа негізделген Шанхай Ынтымақтастық Ұйымының бірегей рухын нығайту аса маңызды.


Хабарламаларға жазылу