Зайсан ауданында Қытаймен шекаралас ауылдар ұялы байланыссыз отыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Зайсан ауданында Қытаймен шекаралас ауылдар ұялы байланыссыз отыр

19.09.2022

Шығыстағы Зайсан ауданында Қытаймен шекаралас ауылдар әлі күнге ұялы байланыссыз отыр. Аудан орталығына жақын кей елдімекеннің тұрғындары интернеттің игілігінен мақұрым қалған. Осының кесірінен бір құжат үшін қалаға келуге мәжбүр. Бұл әсіресе мұғалімдер мен дәрігерлерге қиын болып тұр. Байланыс аясынан тыс жердегі ауылдардың ахуалы Олжас Керейханның материалында.

Шілікті ауылында ұялы байланыс бар деген аты ғана. Арнайы сигнал тарататын қондырғы болмағандықтан қызметтің бұл түрін халық толық пайдалана алмай отыр. Желді күні мүлде байланыссыз қалады.

Айдүрия Күнпейісова, ауыл тұрғыны:

Қазір интернетті қойып, байланыстың өзі жақсы емес. Активтің байланысынан сарқырама су ағып тұрады. Сөйлесе алмаймыз ешқашан. Онан кейін үзіліп қалады. Спутник дейсіздер, тарелкаңыз айналып былай қарап, қалады. Ол қайтіп интернет ұстайды.

Тұрғындар құжаттың электронды нұсқасы қажет болса, 60 шақырым жердегі аудан орталығына сабылады. Ауылдың өзінде интернет бір-ақ жерде бар.

Рысбек Қойекенов, ауыл тұрғыны:

Интерентті пайдалану үшін мына әкімшіліктің алдына келеміз. Жарыққа үймелеген көбелек сияқтымыз. Кейде бір-бірімізге тоқтата тұршы мен жіберіп алайын деген сияқты әңгімелер болады.

Ауылда бірнеше орында ғана сигнал ұстайды.Үлкен-кіші сол жерге келіп байланысқа шығады. Шекараның шебіндегі елдімекен үшін байланыс ең негізгі мәселеге айналған.

Бұл құрылғының аты затына сай болмай тұр. Аудан орталығынан сегіз-ақ шақырымдағы Айнабұлақтың тұрғындары да интернеттің игілігін көрмейді. Бұл әсіресе мұғалімдерге қиын. Мектептердегі құжаттың барлығы 2018 жылдан бері электрондық нұсқаға көшкен.

Алтынай Құрманғалиқызы, мұғалім:

Ауданнан бізден бір таблица сұрайды. Тез шұғыл түрде дейді. Біз оны жазғанмен де электронды поштамызға кіре алмай отырамыз.

Мектепте 4 жыл бұрын роботатехника сыныбы ашылған. Бірақ оқушылар оныңда пайдасын көре алмай келеді. Миллиондаған теңгеге алынған құрал-жабдықтың бәрі босқа тұр. Оқушылар модельдік бағдарламаны да игере алмай отыр.

Сайраш Қасенова, Оқу ісінің меңгерушісі:

Балалардың жұмыс істеуге ынтасы бар. 3D принтермен, роботтармен жұмыс істегісі келеді. Бірақ интернеттің нашарлығынан қолжетімсіз болып отыр. «Қазақтелекоммен» келісім-шарт жасалынған. Оның барлығына ақшасы аударылып отыр. Бірақ қызметі сапасыз бізге көрсетіп жатқан.

Салаға жауапты бөлім мамандары интернет құрылғыларын орнату үшін тендер өткізіліп, мердігер компаниялармен келісім-шарт баяғыда жасалғанын айтады. Бірақ қаржыны алған компаниялар әлі қарасын көрсетпеген.,

Әли Жұмағалиев, Зайсан аудандық ТҮКШ бөлімінің бас маманы:

Операторлар тарапынан осы антена матсчалық құрылғылар орнатылатын учаскелердің кординаты нақты берілмей отыруына байланысты жұмыстарн баяу қозғалып келуде.

Зайсан ауданында жалпы 33 ауыл болса 23-де ғана интернет бар. Бірақ сапасы туралы нақты мәлімет жоқ. Ал Тасбастау, Қарасай, Жалши сияқты шекраның шебіндегі елдімекендерде ұялы байланыс та жоқ.

Олжас Керейхан


Хабарламаларға жазылу