БҚО-да тұрғындар жер телімдерін ала алмай жүр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

БҚО-да тұрғындар жер телімдерін ала алмай жүр

13.09.2022

Батыс Қазақстан облысында тұрғындар жер телімдерін ала алмай жүр. Олардың комиссия жұмысына көңілі толмайды. Мемлекет басшысы өз жолдауында «Өнім өндіру үшін алдымен, жер керек. Жері жоқ адам кәсіппен айналыса алмайды» деп қадап айтты. Өңірде пайдаланылмай, бос жатқан жерлерді қайтару мәселесі де өткір тұр.

Тұрар Өтешев он жеті жылдан бері пайдаланып келе жатқан жерінен айырылып қалды. Шаруа 2005 жылы қожалық әрі ауыл кооперативін құрып, асылтұқымды мал басын көбейткен. Енді аудан әкімдігі оның иелігіндегі 2 мың гектардан аса жердің құжаты дұрыс емес деп, сотқа сабылтып қойды.

Тұрар Өтешев, шаруа:

Жерімді ешқандай ескертусіз конкурсқа салып қойды, жерсіз қалып отырмын. «Заңсыз жасап алғансың» дейді құжаттарды аудан әкімшілігі. Оны өзім жасаған ештеңем жоқ. Қолы бар - бәрі сол Ақжайық ауданы әкімдігінің мөрі соғулы тұр.

Биыл бірнеше ауданда 19 мың га-дан аса жер учаскесінің заңсыз берілгені анықталды. Ақжайық ауданы шаруаларының жер комиссиясы жұмысына да көңілі толмайды. Құрамына дінтанушы, дүкенші, әкімнің туыстары еніп кеткен комиссияның қызметін орталық мамандары тексеріп, заңсыздықты анықтауы керек дейді.

Талғат Бәйкенов, «Шопан ата» республикалық қауымдастығы облыстық филиалының жетекшісі:

Мәдениет үйінің шопыры, тума-туыс, бір кәсіпкерлер - ол комиссия қалай әділ шешеді? Ол жер кімге ұсынылса да, шаруа қожалықтарға берілсе де, әділ шешілмейді. Сол себепті комиссияны қайта таратып, елмен ақылдасып, жергілікті адам болу керек. Облыстарда аналитика жүргізіп, зерттеп, дұрыс заң шығаруы керек.

Жер ала алмай жүрген тұрғындарды қолдау үшін облыста соңғы үш жылда 1,2 млн га пайдаланылмай бос жатқан жер телімі анықталып, оның 225 мың гектары мемлекетке қайтарылды. Бұл шаруада облыстық геопорталдың көмегі көп. Ақпараттық базада жердің құнары, су көзі, құрылыс нысандары туралы пайдалы ақпарат бар. Ал қордаланған мәселені шешу үшін орталыққа тиісті ұсыныстар жолданды.

Мұрат Өмірәлиев, Облыстық жер қатынастары басқармасының басшысы:

Жаңадан бастаған шаруа қожалықтарына жерді конкурстан тыс беру. Бірінші ұсыныс. Екінші, сыбайлас жемқорлық қатерлері болмас үшін конкурстарды автоматты түрде адамның қатысуынсыз порталда өткізу. Яғни жер комиссиясын мүлдем алып тастап, автоматты түрде ол жерлерді өтініш білдірген шаруаларға беру.

Биыл жыл соңына дейін 250 мың гектар жерді қайтару жоспарланған. Оған қоса 500 мың гектар жердің меншік иесі, игерілмеу себебі тексеріліп жатыр. Бос телімдер «жер еміп, еңбек етем» деген жандарға бөлініп беріледі.

Ардақ Мұратқызы

Хабарламаларға жазылу