Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің келесі съезі өтетін уақыт белгілі болды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің келесі съезі өтетін уақыт белгілі болды

13.09.2022

Биылғы діндер съезі әлем үшін бірегей әрі тарихи оқиғаға айналды. Жиын хатшылығының отырысында Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев осылай деп мәлімдеді. Бүгін елордадағы Бейбітшілік және келісім сарайына әлемнің түкпір-түкпірінен келген дін өкілдері жиылды. Олар Қазақстан бастамасына қолдау білдіріп, текетіреске түскен елдерді бейбітшілікке шақырды. Сонымен қатар басқосуда келесі, 8 съездің өтетін уақыты белгілі болды.

«Ақпыз, қара, сарымыз – ағайынбыз бәріміз». Осы жолдар съездің негізгі ұстанымын айқындайтындай. Әлем сан алуан түрлі болса да, бәріміз теңбіз, дейді қатысушылар. Сол себепті дін көсемдері жер дүниенің әр түкпірінде тұтанып жатқан соғыс өрттерін тоқтатып, бейбітшілікке үндеді.

Халед Акаше, Ватиканның дінаралық диалог бойынша папалық кеңесінің Ислам мәселелері жөніндегі бюросының басшысы:

Бұрынғыдан қарағанда біз тұтас адамзатпыз, біздің тағдырымыз ортақ. Жеке адамның тіршілік етуі мүмкін емес. Вакцина алу арқылы адамзат аман қалды. Съезге Рим папасының қатысатынына қуаныштымыз. Қазақстанның дінаралық руханиятына әсер етеді деп ойлаймыз. Әлемдегі шиеленіс төңірегінде достық пен келісімді нығайтатынына үміттіміз.

Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев бұл жиын жер-жихандағы ахуалдың күрделі уақытында өтіп жатқанын айтты. Бірнеше жыл пандемия қыспаққа алды. Енді геосаяси жағдай ушығып, жаһандық қауіпсіздік жүйесі бұзылды. Мұндай жағдайда рухани көшбасшылардың басты міндеті – адамдарды бейбітшілік, қоғамдық келісім секілді идеяларға үндеу.

Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:

Съезд рухани көшбасшыларға тікелей сұхбат құруға, дінаралық және өркениетаралық диалогты нығайтудың маңызды мәселелерін бірлесіп қарауға, сондай-ақ әлемді алаңдатқан өзекті проблемаларды шешу жолдарын талқылауға үлкен мүмкіндік береді.

Кез келген дәстүрлі дін халықты адамгершілік пен ізгілікке үндейді. Жиынға қатысушылар әлем халқы осынау қуатты күшті тиімді пайдалану керек деген ойда.

Мұхаммед Зия-Уль-Хақ, Халықаралық Ислам унивеситетінің бас директоры, Пәкістан:

Пандемиядан кейін әлем күрделі өзгеріске ұшырады. Дін қайраткерлері мен ресми билік өкілдері жүйелі диалог құра білуі қажет. Себебі қазіргі процестер адамдардың өмір салты, мәдениетіне өзгерістер әкеліп, рухани құндылықтардың құлдырауына әкеп соғуы мүмкін.

Жиында ертең өтетін съездің күн тәртібі бекітілді. Қорытынды декларацияның мәтіні нақтыланды. Сондай-ақ хатшылықтың келесі отырысын 2023 жылдың қыркүйек айында өткізу жоспарланып отыр. Ал 8-съезге дінбасылар 2025 жылы елордада жиылады.

Шерхан Жамбылұлы, тілші:

Қазақстанда 20-ға жуық түрлі конфессияның 3,5 мыңнан астам діни бірлестіктері бар. Осыншама алуан түрлілікке қарамастан, еліміз ұлттық қауіпсіздік пен дін бостандығының тепе-теңдігін сақтап келеді. Ал қазақ елінің әлімсақтан көзқарасы қабыспайтын әртүрлі сенім-нанымдағы дін көсемдерін бір үстел басына жиып, адамзат үшін өзекті мәселелерді кеңесе шешуге үндеген бастамасы халықаралық қауымдастықтың жоғары бағасына ие.

Шерхан Жамбылұлы

Хабарламаларға жазылу