Көлікпен тасымал былай тұрсын, қазір ғаламтор арқылы есірткіге елітіп жүргендер көп. Әсіресе, жастар арасында. Бұған тосқауыл қоюдың бір амалы бар әзірге. Көп ұзамай кәмелет жасына толмаған жасөспірімдер бірқатар мессенджерлердегі қауіпті деп танылған контентті пайдалана алмайды. Құзырлы органдар синтетикалық есірткінің таралуымен күресті күшейту үшін осындай шара қолданбақ.
Қазір ғаламтор желісін ақтарып отырып химиялық қоспаны табу қиын емес. Ол сағыз не шөп түрінде кездеседі. Табиғи есірткіден синтетикалық заттарға тәуелділік екі есе жоғары дейді мамандар.
Тоқтар Қойшыбеков, психиатр-нарколог:
Қазіргі кезде бір-ақ рет шылым шеккенің өзінде қан қысымы төмендеп кетеді. Жүрегі қатты қысылып, одан кейін жедел-жәрдем келгенше, өмірін қиылып кетіп жатқан балалар аз емес.
Елордалық психикалық денсаулық орталығына бір жылда мыңға жуық адам кеп түседі. Солардың бірі Марина есірткіні бірінші рет төрт жыл бұрын шегіп көрген.
Марина, науқас:
Алғашқы екі жылда есірткіні көп тұтындым. Салдарынан жағдайым нашарлап, 22 келі салмақ жоғалттым. Орталыққа екінші рет кеп тұрмын. Қайта осы жолға түскім келмейді.
Аса қауіпті синтетикалық есірткілер тізімі күннен-күнге ұлғайып барады. Қазір, шамамен, 100-ден астам.
Ламбриан Топузидис, тілші:
Адам ағзасындағы синтетикалық есірткілер осы зертханада тексеріледі. Науқастан алынған осы зәр кішкентай құтыға құйылады. Содан кейін осы хромотографқа орнатылады. Жалпы осы аппараттың негізінде синтетикалық есірткінің мың жарымға жуық түрін анықтауға болады.
«Мефедрон», «Спайс» сияқты түрлерін бір рет қана пайдаланып көрген он адамның бесеуі сол есірткіге тәуелді болып шыға келеді. Жыл басынан бері заңсыз тауарды жарнамалайтын мың алты жүздей сайт бұғатталды. Алайда, кей мессенджерлердің домендік аймақтары шетелде орналасқандықтан заңсыз әрекеттеріне тосқауыл қою мүмкін емес.
Бақытжан Әмірханов, ҚР ІІМ есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл департаментінің бастығы:
Интернет деген заманымызға лайықты керек зат. Ватсап, Телеграм мессенджерлері арқылы жұмыс атқарылады. Басқа да оның пайдасы бар. Дәл осы мәселеден жауып тастау мүмкін емес. Ғаламтор деген – әлемнің бүгінгі талабы. Бірақ ол жерде біз өзіміз қоятын талаптарымыз бар.
Мефедрон мен каннабиноидтарды саудалауға қатысты қылмыстық жауапкершілік күшейтілді. Бір грамын саудалағаны үшін 5-тен 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.
Ламбриан Топузидис, Олжас Берікбай, Дәулетбек Әбдірахманов, ҚҰТ