Батыс Қазақстанда жаңа су қоймасы салынады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Батыс Қазақстанда жаңа су қоймасы салынады

10.09.2022

Батыс Қазақстан облысында жаңа су қоймасы салынады. Бұл – Президенттің биылғы жолдауында айтылған нақты тапсырмасы. Мемлекет басшысы 2030-жылға қарай су тапшылығының көлемі 40 пайызға жетуі мүмкін екендігін, оны үнемдеп, тозған инфрақұрылымды қалпына келтіру қажеттігін қадап айтты. Су тапшылығын алдын алу шаралары қалай іске асырылады?

Көктемде Казталов пен Жаңақала аудандарының халқы Қараөзен суына таласып, соңы дау-дамайға ұласқан. Ауылы аралас, қойы қоралас жатқан қос ауданның мәселесі Жалпақтал су қоймасы салынса, шешілер еді. Биыл тұрғындардың тілегі орындалып, жаңа нысан жобасына қаражат бөлінді.

Данияр Ахтанов, облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының бөлім басшысы:

Көлемі – 28 млн текше метр. «ОралВодПроект» мекемесі соның жобасын жасап жатыр. Келер жылдың маусымына дейін бітіреді. Жоба біткен соң республикадан ақша бөлініп, жобаны іске асыруға кіріседі.

Бұл – Ресейден келетін суға тәуелділікті азайту үшін жасалған қадам. Тарнсшекаралық өзендерден су алу үшін ел қазынасынан жылына 5 млрдтан астам теңге бөлінеді. Су тапшылығының алдын алуды көздегентағы бір үлкен жоба – «Киров-Шежін» каналының 4-кезеңінде қалқымалы сорғы стансасын салу. Дайындық жұмыстары аяқталған. Қондырғы Орал кеме жөндеу зауытында жасалып жатыр.

Шынболат Ермағамбетов, «Қазсушар» РМК облыстық филиалының бас гидротехнигі:

Жайықтан насос қондырғысымен су алып, соны Жайық-Көшім суару-суландыру жүйесіне тарату. Бұл насос қондырғысы осындай су аз болатын жылдарға арналған. Жайықтың деңгейі өте төмен болған жағдайда жүйенің бойында орналасқан шаруа қожалықтары мал, ауыл шаруашылығы жағдайын ұстап тұру үшін, мал суатын ұйымдастыруға, көлтабандарға су шығаруға арналған нәрсе.

Биыл Жайыққа су жақсы келді. Жауын-шашынның мол түсуіне орай өзен деңгейі көтеріліп, 4 метрге дейін жетті. Жайық-Көшім жүйесіне қажет су жиналды. Алайда Жайықтың бұрынғы арыны жоқ. Мәселені тезірек шешу үшін мемлекетаралық екі комиссия құрылды.

Ахан Тұрғынбаев, М. Өтемісов атындағы БҚМУ факультетінің деканы:

Ресей аумағындағы Жайық өзені бойында бірнеше су қоймалары орналасқан. Аңғарын бөліп, суды қоршап, ұстап тұр. Біздің аумаққа келетін болсақ, су қоймаларын салу қажет. Себебі суды үнемдеу керек, су қорын жинақтауымыз керек. Бір сөзбен айтқанда, қажет су далаға ақпау керек.

Су жүйесін цифрландыру бойынша облыста Жәнібек сорғы стансасына, Қараөзен мен Сарыөзенге су есептегіш орнатылды. Суды үнемді пайдалану үшін 50-ші жылдары салынған Киров су қоймасы қайта жаңғыртылып жатыр. Алда өңірге су шаруашылығы мамандарын даярлау, тозығы жеткен гидротехникалық нысандарды жөндеу міндеті тұр.

Ардақ Мұратқызы, Қайырбек Ерболатұлы

Хабарламаларға жазылу