Қостанай облысы: Бағасы қымбат судың сапасы мүлде сын көтермейді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қостанай облысы: Бағасы қымбат судың сапасы мүлде сын көтермейді

09.09.2022

Қостанай облысының Алтын Дала ауылында ауыз судың құны алтынға парапар боп тұр. Әр текшеметрі 4137 теңге. Бірақ осынша қымбат судың сапасы сын көтермейді. Түсі сарғыш, жағымсыз иісі бар, дәмі кермек. Бұл жағдайдан тұрғындар әкімдікті екі ай бұрын хабардар етсе де, ешқандай әрекет болмапты.

Талғат Берденов те өзгелер тәрізді ұңғыманың суын тұтынып келген. Бірақ ол амалсыздың күні еді. Судың құрамында тұз көп, ыдыс түбіне топырақ тұнып қалатын. Сондықтан орталық желі тартылғанда көңілі жайланған. Екі жыл бойы тұтынған суға ешкім ақы да сұрамапты. Жуырда бекітілген тарифтің бағасын естігенде жағасын ұстады.

Талғат Берденов, ауыл тұрғыны:

Бұл өте қымбат. 4137 теңге деген. Қалтамыз көтермейді. Онсыз да қазір қымбатшылық.

Бағасы қымбат судың сапасы мүлде сын көтермейді.

Қарлығаш Төлендина, ауыл тұрғыны:

Сапасы өте нашар. Судан сасық иіс шығады. Ішпек түгілі кір жууға, жуынуға келмейді.

Тарифтің неге қымбаттығын түсіндіруге ауыл әкімі мен су тарату кәсіпорынның басшысы келген. Айтуынша судың құнының басым бөлігін мемлекет субсидиялауы тиіс. Сонда әр тұтынушы бір текшеметрге 30 теңгеден ғана төлем жасайды. Бірақ ол қаржының қашан бөлінетіні беймәлім. Ауыл әкімі болса сапасыз суды тұтынбайтынын айтып қалды.

Әкімнің бұл уәжді не үшін айтқаны өзіне ғана аян. Жиыннан соң тұрғындармен су тарату қондырғысына барып, судың қаншалықты сапасыз екеніне ол да көз жеткізгендей болды.

Екі ай бойы еш шара қолданбаған әкім, камера алдында да мойнына жауапкершілік алудан бас тартты. Сондықтан алтын далалықтардың қашан құны қолжетімді мөлдір таза су ішетіні белгісіз болып тұр.

Дәуренбек Әбдібек


Хабарламаларға жазылу